Оқулық Астана, 2009 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



страница8/23
Дата04.05.2016
Размер4.3 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23

Кері байланыс – студиядағы жүргізуші мен телефон желісіндегі тыңдарманның тікелей эфирдегі әңгімесі, сұрақ-жауап түріндегі пікір алмасуы, сауалнамалық радиоойын. Бұл пішін психологиялық желіге құрылады. Өйткені, жүргізуші тыңдарман ойына барлау жасай отырып, өз ойын соған сәйкес сабақтауы керек. Және бастан-аяқ әуенмен әрленіп, сазбен көмкерілуі тиіс. Себебі, тыңдарман жүргізуші тастаған сауал төңірегінде ой қозғау үшін немесе ол қойған нақты сұраққа жауап беру үшін ойланып алуына уақыт қажет.

  • Радиоүндесу – бұрыннан қалыптасқан, қазіргі таңда жаңаша сипатқа ие болған пішін. Қалааралық тікелей телефон желісіндегі байланысқа меншікті тілшілердің шығуы арқылы, сондай-ақ, тонвагеннің және ұялы байланыстың көмегімен оқиға өтіп жатқан жердегі тілшімен тілдесу нәтижесінде жасалатын
    пішін. Радиоүндесу айтулы оқиға, өзекті проблема болған жағдайда ғана ұйымдастырылуы тиіс. Өйткені, оның әрбір минуты қыруар ақша болып есептеледі. Радиоүндесу негізінен байланысқа шыққан екі журналистің әңгімесінен тұрады. Кейде тақырыпқа сәйкес лауазым иесі, жауапты қызметкер сөзге тартылуы мүмкін. Радиоүндесу кезінде тікелей телефон желісіндегі тыңдарманның сөзіне саналы түрде жол берілмейді. Себебі, бұл пішіннің тақырыбы нақты, уақыт мөлшері өлшеулі болып келеді. Радиоүндесу тікелей техникаға тәуелді пішін. Телефон желісіндегі байланыс іске қосылмаса, жүргізуші өзі әзірлеген басқа бір дыбыстық жазбаны беріп немесе жазбаны оқып шығуы мүмкін. Бірақ, оның ешқайсысы радиоүндесуді алмастыра алмайды. Ән немесе музыка радиоүндесу басталмас бұрын я болмаса, радиоүндесу аяқталғаннан кейін ғана беріледі.

  • Ток-шоу немесе тікелей эфирдегі қызу пікірталас. Бұл нағыз майталман журналист түсетін майдан, қайтпас қаһарман қатысатын қақтығыс. Жүргізуші үшін телефон желісіндегі тыңдарманмен тіл табысу мәдениетін меңгеретін мінбер. "Айтылған сөздің атылған оқ" екенін мойындап, анық бағасын алатын емтихан. Оған тақырыбы осындай салмақты көтеретін, табиғаты заман тынысымен астасатын айтулы мәселені өзек еткен жөн. Қазақ тіліндегі радионың ток-шоуы қазіргі таңда жоқтың қасы. Жалпы, ток-шоу өзінің көтеретін жүгіне қарай саяси, интеллектуалдық, психологиялық, әлеуметтік сипат алуы тиіс.

  • Студиядағы хабар. Эфирдегі жүргізушінің жеке өзінің, ал кейде оның студия қонағымен арада болатын әңгімесі есебінде жүзеге асатын хабар. Қазіргі таңдағы жүргізушілер үшін ең оңтайлы, ең қолайлы әдіс. Жүргізуші-журналистің жеке өзінің әңгімесі. Теориялық негізге сүйенсек, журналистің жеке өзінің әңгімесінде комментарий авторды әйгілеп таныстыру үшін емес, қоғамдағы құбылыстардың мәнін ашып көрсетіп, айқын түсіндіру үшін жасалуы керек. Әлбетте, комментарий жанрына кез-келген журналистің шамасы келмейтіні белгілі. Оны кәдімгідей кез-келген құбылысқа, фактіге, оқиғаға өз көзқарасын танытып, өзіндік пікір білдіретін белді журналистер жасауы керек. Шындығын айту керек, қазіргі таңда әуе толқынындағы ұжымның да, жекелеген журналистердің де радиожурналистика жанрларын өз стилінің тегершігі ретінде қолдануға деген құлқы жоқ.

    Қазіргі таңда дүниежүзінде дәлелденгендей радионың өзіндік артықшылығы екі салада айқындалып отыр. Оның бірі – жедеғабыл жаңалықтар желісі, екіншісі – музыка желісі. Тікелей эфир әдісімен жұмыс істейтін бүкіл радиоарналар қызметінің құрылымы осы екі бағытта жүзеге асады. Радио сағат сайын берілетін жаңалықтар легінің нәтижесінде қалың бұқараны болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп, ауық-ауық уақытты айтып, ауа райы мәліметін ұсынып ақпараттандыру процесін іске асырумен қатар, адамның ең асқақ, ең нәзік, мейлінше, терең жан тебіренісін бейнелейтін музыка мәнерімен тыңдарман психологиясына тікелей әсер ету әрекетін де жолға қояды. Әлбетте, әуе толқынындағы музыка барша адамзатқа арналады. Бірақ, оны әркім оңаша тыңдайды. Қазіргі уақытта эфирден берілетін музыка әр арнаның өзіне тән сипатын танытатын музыкалық формат есебінде жүйеленеді.

    Қазіргі таңда жаңалықтар легін тыңдарманға неғұрлым жылдам жеткізу жөнінде радиоарналар арасында оң бағыттағы бәсеке қалыптасқан. Әзірге жаңалықтарды аудиторияға басқа радиоарналардан бес минут бұрын жеткізетін "Хит ҒМ - Хабар".

    Ал мемлекеттік мүддені ұстану, ұлттық үрдісті дәріптеу тұрғысынан Қазақ радиосын айта аламыз.

    Қазіргі заманғы ақпараттық технология жаңалықтар легіне күнде жаңаша сипат беруде. Компьютерлік жүйенің өте маңызды екі маңызды артықшылығы бар, біріншісі – сандық әмбебап редактор, екіншісі – жетілген мәтіндік редактор. Әлбетте, бұл – журналистің рөлі төмендеді деген сөз емес. Керісінше, техникалық төңкеріс жұмыс жағдайын мүлде өзгертті, оған оң, игі ықпалын тигізді. Бұл журналистерден өзгеше мамандану деңгейін талап етуде. "Электронды журналистика даму үстінде. Дәл қазіргі таңда кәсіби шеберліктің ең биік шыңы осы минуттарда, әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды алғашқы болып хабарлау – шарт. Уақыттан озбаған күннің өзінде уақытқа ілесіп отыру - заман талабы.

    Қазіргі ақпараттық қоғам айналымындағы ақпараттың көлемі мен қарқынының мейлінше орасан зор шексіз екенін ескерсек, онда ақпарат сапасын анықтау оңайға түспейтіні түсінікті. Ақпарат қоғамы білім қоғамы деп те аталып жүр. Тек, ақпарат тасқынының көлемі жағынан артуы білім салмағының сол дәрежеде арта түскендігін көрсетпесе керек. Білім ақпарат сапасына тікелей байланысты болып келеді. Дәлірек айтқанда, оның жан-жақтылығына, терең мағыналылығына, ұғынықтылығына тікелей қатысты.

    Журналистердің міндеті – саясаткерлердің, лауазым иелерінің нені қалайтынын, не ойлайтындарын баяндау емес, қоғамда не болып жатқанын айту. Міне, осы тұрғыдан келгенде, сапалы журналистиканың шын мәніндегі нағыз демократиялық қоғамды қалыптастыруға қабілетті екенін, сол істе маңызды рөл атқаратынын атап айтқан жөн. Ал журналистің жеке өзін алып қарайтын болсақ, онда оның білім деңгейі мен белсенділік қабілеті қаншалықты жоғары болса, сапалы ақпарат, жалпы сапалы журналистік туынды әзірлеуге деген мүмкіндігі соншалықты мол болады.



    Жанр – шынайы болмысты бейнелеудің тарихи тұрғыда айқындалған өзіне тән тұрақты белгілерді жинақтаған үлгісі. Радиожурналистика жанрларының қалыптасуына баспасөз жанрлары негіз болды. Алғашында радиохабарлар газет жанрларының бай тәжірибесіне сүйенді. Сонымен қатар, радиожурналистика алғашқы қадамдарынан бастап, өзіне тән жанрлық белгілерге ие бола бастады. "Бұқаралық ақпарат құралы ретінде радионың техникалық мүмкіндіктеріне, өзгеше дыбыстық табиғатына негізделген журналистиканың жаңа бір түрі қалыптасты". Кәдімгі газет бетіндегі материалдар микрофон алдында оқылған кезде өзгеше сипатқа еніп, жаңа сапаға ие болып, эфирлік дүниеге айналды. Дыбыстық табиғатымен дараланатын бұқаралық ақпарат құралдарының бұл түрі туралы В.Н. Ружников мынадай тұжырым жасады: "Радиожурналистика – бұқаралық ақпарат тарататын құрал ретінде радионың бірегей техникалық мүмкіндіктеріне негізделетін насихаттық сипаты бар жүйе. Ол күрделі элементтік құбылыстар категориясына жатады. Оның функциялары, ішкі құрылымы, аудиториямен байланысы айрықша күрделілігімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл кұбылысты танып-білу жан-жақты, сан қырлы ауқымды сипат алады".

    Радионың өзегі – сөз, тетігі – техника, құралы – дыбыс. Жанды сөз – радиодағы ең нәзік бейнелеу құралы. Радиохабар есту арқылы қабылданатын болғандықтан жазылған сценарийдің айтылатын әңгімеге, мәтіннің сөйленетін сөзге айналу процесіне айрықша мән беріледі. Өйткені, жанды сөз, табиғи әңгіме радионың табиғатына тән құбылыстар болып табылады. Радиодағы жүргізушінің болған оқиғаға, құбылысқа қарым-қатынасы, оған деген көзқарасы, хабарды жүргізіп отырған сәттегі көңіл күйі, дауыс ырғағы, үн екпіні жанды сөз арқылы қабылданады. Сол себептен де радиоға барлық дауыс бірдей жарай бермейді. Радиода хабар жүргізетін маманның дауысында эфир талаптарына сай келетін кәсіби сапа болуы тиіс. Микрофон алдында отырған адам тыңдармандарға көзбен қабылданатын кескін-келбетімен, қимыл-қозғалысымен көріне алмайды. Осының бәрін дауыс алмастыруы керек.

    Радиодағы сөзден кейінгі жетекші орынды иеленетін бейнелеу құралы – музыка. Музыка радиохабардың әрін кіргізіп, аудиторияның көңіл-күйіне, сезіміне әсер күшін арттыра түседі. Радиодағы музыка ең алдымен, ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектеседі. Музыка оқиғаның, құбылыстың мазмұн-мағынасын ашуға ықпал етеді. Адамның сезімі мен ақыл-ойына бір мезгілде әсер ете алатын музыка түптеп келгенде, аудитория назарын аудару үшін қолданылады. Демек, музыка радионың тыңдарманды баурап алып, оның психологиясын меңгеріп, хабарды жеңіл әрі жедел қабылдауына көмектеседі.

    Радиодағы келесі бір бейнелеу құралы – дыбыс эффектілері, яғни, табиғи және табиғи емес шулар. Сондай-ақ, сөйленген сөзді жылдамдату, баяулату, дыбысты қатайту, бәсеңдету, сөз бен сазды астастыру, жаңғырық қосу, сөздің астарында бірімен-бірі қабаттасқан шуды беру, бір сөзбен айтқанда, өмір шындығының дыбыстық көшірмесін жасау – радио табиғатының мән-мағынасы, мазмұны. Радиожурналистиканың жанрлық ерекшеліктері де осыдан келіп туындайды.

    Жалпы, радиожурналистика жанрлары үлкен үш топқа бөлінеді: ақпараттық жанрлар, талдамалы жанрлар, деректі-көркем жанрлар.
    Ақпараттық жанрлар

    1. Радиоақпарат - маңызды саяси мәнге ие, мазмұнында жаңашылдық элементі бар, кең ауқымды, тыңдарман аудиториясына ұсынылатын оперативті жанр түрі. Радиоақпаратта негізінен, ел өміріндегі маңызды оқиғалар, қаулы - қарарлар мен бұйрық - жарлықтар бірінші кезекке шығады. Келесі кезекте әлеуметтік – экономикалық мәселелер, іскерлік байланыстар орын алады. Содан соң ғылыми, мәдени, спорт жаңалықтары беріледі.

    Қай жерден қандай айғақты алып қарасақ та, радио ақпаратты жедел тарататындығымен басқа барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан ерекшеленеді. Радио сағат сайын берілетін жаңалықтар легінің нәтижесінде қалың бұқараны болып жатқан оқиғалардан хабардар етеді.

    Дәл осындай ақпараттар басылым беттерінен де, көгілдір экраннан да орын алады. Ал радиоақпараттың ерекшелігі оның дыбыстық сипатынан келіп шығады. М.К. Барманқұлов радиоақпаратты дыбыстық табиғатына қарай былайша топтастырады:

    а) диктордың оқуындағы хабарлама;

    ә) оқиға кейіпкерінің сөзі. Бұл қоғам қайраткерінің, көрнекті ғалымның, т.с.с. маңызды оқиғаға деген көзқарасы немесе оқиғаны, құбылысты көзімен көрген адамның сол туралы пікірі болуы мүмкін. Радиоақпарат ретінде маңызды мәселеге қатысы бар адамның микрофон алдында сөйлеген сөзі түпнұсқа жанды құжат болып табылады. Өйткені, ол сөйлеп тұрған кісінің дауыс ырғағын, сөз саптауын, тіл қату мәнерін, шынайы ықыласы мен көңіл күйін түгел қамти алады. Ал газет ақпаратында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да, радиоақпарат тындарманды иландырады.

    б) тілшінің баяндауы, ол студиядан болып өткен іс-шара туралы, соның куәгері ретінде ақпарат таратады немесе оқиға ортасынан тікелей хабар береді;

    в) музыкамен көркемделген ақпарат.

    Қазіргі уақытта соңғы топты бөле-жара қарастырудың қисыны келе қоймайды. Себебі, бүгінгі таңда музыкасыз берілетін ақпарат өте сирек ұшырасады. Ал жоғарыда аталып өткен үш топқа тән нәрсе – бәрінің де эфир арқылы таратылатындығы. Бұл тұрғыда микрофондағы журналист жаңалықтарды хабарлап, қандай да бір оқиғаны, фактіні, құбылысты баяндау арқылы тыңдарман аудиториясына ақпарат береді, яғни, коммуникативтік актіні жүзеге асырады. Осыған орай, радиоақпаратты әуе толқыны арқылы тыңдарманға жеткізе білудің де өзіндік заңдылықтары қалыптасқан.

    Әуелі, радиоақпараттың жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.

    1. Деректілігі. Радиоақпараттың мазмұнына нақты бір құбылыс, оқиға, шын мәніндегі факт негіз болады.

    2. Дәйектілігі. Онда айтылатын дерек нақты куәландырылған және анық тексерілген болуы тиіс.

    3. Жедеғабыл сипаты. Ең жоғары деңгейдегі оперативтілігі. Тыңдарман жаңа болған оқиға жайлы ізін суытпай естуге ұмтылады. Сондықтан да, радиоақпарат “бүгін”, “дәл қазір”, “осы сәтте” деген сөздермен басталуы – шарт.

    4. Толыққандылығы. Не болды? Қашан болды? Қайда өтті? Неліктен болды? Кімдер қатысты? Қалай өтті? Оқиғаның мәнісі неде? Егер осы сұрақтардың бәрінің жауабы табылып тұрса, онда ақпараттың жазылып біткендігі.

    Ақпараттың алғашқы жолы айқын, әрі нақты болуы – шарт. Тыңдарманның соны естігенде әрі қарай біле түскісі келіп, аяғына дейін тыңдауға ықыласы ауып, мәселенің не туралы екенін түсініп алуға қабілетті болуын қамтамасыз ету қажет. Ақпарат жеке бір тұлғаға әсер ете отырып, ол оның өмірге немесе болған оқиғаға көзқарасын қалыптастыруға елеулі ықпалын тигізеді. Жаңалық логикалық жүйеге құрылады. Оның да басы, ортасы, соңы болады. Әлбетте, бастапқы сөйлем аудиторияның назарын аударып алса, екінші сөйлем сөз болған оқиғаның мәнісін айқындап, фактіні айғақтайтын қосымша мәліметтерді жинақтайды. Ал үшінші, әрі соңғы сөйлем сол оқиғаның салдары туралы айтып, немесе оған қорытынды жасай отырып жаңалықты аяқтайды. Әуе толқынындағы белгіленген уақыт мөлшерінде маңыздылығына қарай ақпаратты тізбектеп ұсыну осылайша жүзеге асады.

    Ақпараттың жанрлық элементі тек қана факті болып табылады. Сондықтан да ақпаратта тілші тарапынан пікір білдіруге, баға беруге болмайды. Радиоақпарат жанрының функциясы көпшілікті күнделікті жаңалықтармен құлақтандыру, болып өткен оқиғаларды ізін суытпай жеткізу, болып жатқан маңызды оқиғаларды қолма- қол баяндау, енді болатын оқиғаларды алдын – ала хабарлау. Радиоақпарат көзбен көретін көрерменге емес, құлақпен еститін тыңдарманға бағытталады. Соған байланысты әуе толқынындағы ақпаратқа мынадай талаптар қойылады:

    1. Дәлдік. Радиоақпараттарға әрбір фактіні, мерзімін, адамдардың аты – жөнін, қызметтерінің атауын міндетті түрде эфирге дейін тексеріп, анықтап алу қажет.

    2. Хабарламалық. Жаңалыққа талдау жасалмайды. Онда факті қысқа – нұсқа, нақты хабарлануы тиіс.

    3. Мәнерлілік. Дұрыс қойылған дауыс ырғағының сақталуы, артық демнің, қажетсіз дыбыстың естілмеуі қамтамасыз етілуі керек.

    4. Ізеттілік. Кез – келген ақпаратты ұсынғанда аудиторияға құрметпен тіл қату – парыз.

    5. Айтылудағы анықтық. Жаңалықтар легіндегі сөздер эфирге шықпас бұрын екпін сөздігі арқылы екшелуі – шарт.

    Сонымен, радиоақпаратқа күнделікті эфирден мысал келтіріп көрейік. / Қазақ радиосының 2004 – жылдың 14 – қазанында сағат 18.00 – де берілген жаңалықтар топтамасынан /

    - Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Еуропалық сарапшылар Федерациясына қабылданды. Бұл ұйымға мүше болу қауымдастыққа беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақстандық мамандарға сәйкес қаржы сарапшыларының халықаралық үлгідегі сертификатына ие болмақ.

    Кәдімгі күнделікті радиодан беріліп жүрген ресми ақпарат мәтіні. Жоғарыда айтылған талаптарға сай келеді. Қазақ радиосының мұрағатынан алынған тағы да бір ақпаратқа назар аударалық. /1990-жылдың 15-наурызында эфирден өткен ақпарат/.

    - Англиядан қуанышты хабар! Қазақ халқының белгілі жазушысы , Ұлы Отан соғысының ардагері Әди Шәріповтің есімі “Әлемнің әйгілі азаматтары” деген анықтамалыққа енгізілді. Осыған орай құрмет иесіне естелік – сыйлық есебінде пергаментті сертификат тапсырылды.

    Әрі ықшамды, әрі әсерлі жаңалық. Дәл осындай тап-тұйнақтай түсінікті тілмен жазылған жаңалықтарды мұрағатта сақталған микрофондық материалдар арасынан көптеп келтіруге болады. Мәселе келтірілген мысалдарда емес, істің мәні - соған қарап, радиоақпаратты тікелей эфирге тән етіп жаза білудің және оны микрофон алдында мәнерлеп айта білудің қисындарын меңгеруде.

    2. Радиосұхбат, яғни, радиоинтервью ағылшын тілінен аударғанда “кездесеу, әңгімелесу” деген мағынаны білдіреді. Сұхбат баспасөзде кең қолданыс тапқан жанрлардың бірі. Сұхбаттың құрамында екі жанрлық элемент бар:

    1) Журналистің қоятын сұрағы;

    2) Сұхбат берушінің қайтаратын жауабы; Біріншісі – құралды иеленуші, екіншісі – ақпараттың қайнар көзі. Сұхбат берушіні кейде журналист өзі таңдайды, бұл ретте сұхбатшы сөзге шешен, салмақты ой айтатын халыққа танымал, әйгілі адам болуы мүмкін. Кейде журналист болған оқиғаға, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты соған қатысы бар кез-келген адамнан сұхбат алуға мәжбүр болады. Радиода сұхбаттың сәтті шығуы көбіне-көп сұхбат берушіге байланысты. Өйткені, радиода сөйлеп тұрған адамның жанды сөзі, дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, үн әуезділігі айрықша роль атқарады. Радиодағы сұхбат журналистің сұрағына жауап беріп тұрған адамның көңіл-күйін, ішкі сезімін, көзқарасын, мәдениеттілік деңгейін дауыс аясында толық қамтиды. Сондықтан да, әсіресе, тікелей эфирдегі радиосұхбат өмірдегі шынайы сәт болып табылады. “Сонымен радиосұхбат дегеніміз – журналистің өзекті мәселеге орай кездесу кезінде сұрақ қою арқылы әйгілі адамның, маманның, я қызметкердің немесе оқиға куәгерінің пікірін анықтауы.

    Сұрақ қоятын журналистің алдына қойған мақсаты мен оған қол жеткізу тәсілдеріне қарай радиосұхбат 5 топқа бөлінеді.



    Ақпараттық сұхбат. Сұрақ нақты пікір білу үшін немесе қандай да бір мәлімет алу үшін қойылады. Сұхбаттың бұл түрі фактінi және пікірді қамтиды. Сұхбат берушінің ресми тұлға болуы шарт емес. Оның сөйлеген сөзінің астарында көңіл-күй мен ішкі толғаныс, яғни, эмоциональдық фон болуы тиіс. Сондықтан да, көбінесе жаңалықтар желісінде мұндай сұхбаттар журналистің қойған сұрағынсыз беріледі. Өйткені, бұл жерде қойылған сұрақ емес, оған қайтарылған жауап маңызды роль атқарады.

    Портреттік сұхбат. Сұхбаттың бұл түрі жеке тұлғаның образын ашуға арналады. Сол себепті портреттік сұхбат әлеуметтік-психологиялық сипатымен ерекшеленеді. Өйткені, портреттік сұхбат адам бойындағы құнды қасиеттерді анықтауға негізделеді.

    Сауалнамалық сұхбат. Белгілі бір нақты сұраққа әртүрлі адамдардан жауап алу арқылы жасалады. Қысқа-нұсқа 1-2 сұрақтың аумағында жауап алынатын болғандықтан, оны жедел сұхбат, яғни, экспресс - интервью деп атайды. Негізінде, сұхбаттың бұл түрі қоғамдық пікірді анықтаудың өзіндік бір тәсілі болып табылады.

    Хаттамалық сұхбат. Мемлекеттік саясат деңгейінде туындаған сауалдар төңірегінде ресми тұлғадан, я болмаса, құзырлы қызмет иесінен нақтылай жауап алу. Әлбетте, ресми тұлға ресми жауап береді. Сұхбат кезінде қойылатын сауалдар алдын-ала әзірленіп, мемлекеттік жауапты қызметкердің (президенттің, министрдің, т.с.с.) көмекшісіне немесе баспасөз хатшысына ұсынылады. Бұл ретте журналистің жеке пікіріне орын жоқ. Эфирде ресми тұлға сол алдын-ала ұсынылған сұрақтарға жауап қайтарады, журналист келісілген сұрақтарын қоюмен шектеледі.

    Проблемалық сұхбат. Проблемалық сұхбаттың басты түйіні – журналистік позиция, көпшілік талқысына ұсынылатын қоғамдық маңызы бар ашық мәселе. Мақсат – халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелер төңірегінде сөз қозғау. Сұхбаттың бұл түрі тікелей эфирде ұйымдастырылуы – шарт. Және студияға шақырылған қонақ журналистің ғана емес, сонымен қатар, телефон желісіндегі тыңдармандардың да сұрағына жауап қайтаруға тиіс. Сұхбат беруші мен тыңдармандар арасында белгілі бір жағдайда дау тууы мүмкін. Дәл осындай сәтте журналист өзінің тақырыпты толық меңгергенін, сол тақырып аясындағы фактілерді жан-жақты білетінін, сұхбат берушімен кез-келген сауал төңірегінде тепе-тең дәрежеде обьективті жауап алу үшін сөз таластырып, қажет болған жағдайда қорытынды тұжырым жасай алатындығын көрсетуі керек. Проблемалық сұхбатты жүргізген журналистің қателесуге, қандай да бір фактіден бейхабар болуға хақысы жоқ.

    3. Радиорепортаж – радионың табиғатына тән, оқиғаның дыбыстық суретін тыңдарманның көз алдына елестете алатын, жанды сөзбен әспеттелетін, оқиға аясындағы журналистің баяндауын табиғи шумен толықтырып, оқиғаға қатысушылардың әңгімесімен әсер етіп, тыңдарманды қайталанбас сәттің куәгері ететін ерекше жанр. Радиожурналистиканың тарихында алғашқы радиорепортаждар “Өмірдің ортасынан берілген хабарлар” деп аталған.

    Өмірдің ортасынан берілген хабарлар деп біршама бұрыс аталған алғашқы радиорепортаждар студиядан кеңістікке шыққан микрофонның таңқаларлық мүмкіндіктеріне жол ашты. Радиорепортаждар радиолық шығармалардың ең таңдаулы түрі ретінде көрінді.

    Демек, радиорепортаж радиожурналистиканың бейнелеуші құралдарын, яғни, сөзді, шуды, музыканы толық қамтыған, уақыт пен кеңістік аясындағы деректілігімен ерекшеленетін әуе толқынының төл жанры болып табылады. Сондықтан да радиорепортажды жүргізетін журналист, яғни, репортер шығармашылық, әрі техникалық тұрғыда кәсіби шебер болуы керек. Өйткені, өмірде болып жатқан қоғамдық маңызы бар оқиғаларды репортажға айналдыратын репортер.

    Репортердің жанрлық элементтері:

    1. Оқиға

    2. Мекен-жай

    3. Тілші баяндауы

    4. Оқиғаға қатысушылардың әңгімесі

    5. Уақыттық көрсеткіш.

    Эфирден берілу сипатына қарай радиорепотаж тікелей және тікелей емес болып екіге бөлінеді.



    Тікелей репортаж. Өтіп жатқан оқиғадан жүргізілетін репортаж сол сәтте қолма-қол әуе толқыны арқылы таралып, тыңдарманға жетеді. Өмірдегі оқиға мен эфирдегі репортаждың арасында уақыт айырмашылығы болмайды. Тікелей репортаж тарихи маңызы зор, елді елең еткізетін айтулы оқиғалардан жүргізіледі.

    Тікелей емес репортаж. Оқиға ортасынан жазылып алынған репортаждың оқиғалық желісі тізбектеліп, мәнді тұстары іріктеліп беріледі. Яғни, оқиға барысынан таспаға басылып алынған дыбыстық жазба монтаждалып, қайта құрастырылған қалпында эфирге ұсынылады.

    Ал тақырыптық тұрғыда қамтитын мәселесінің қисынына қарай радиорепортаж оқиғалық және проблемалық болып екіге бөлінеді.



    Оқиғалық репортаж. Оқиға орнынан жүргізілетін репортаж. Бұл ретте тақырып оқиғаға орай туындайды.

    Проблемалық репортаж. Бұл репортаждың мақсаты – күнделікті өмірде, заман ағымында туындаған проблемаларды нақты дерекке сүйеніп сөз ету, сол деректі немесе құбылысты әрекет аясында дыбыстық жазбамен дәйектеп, тыңдарманға ой салу.

    Жалпы, радиорепортаж - синтетикалық жанр. Оның құрамына ақпараттың да, сұхбаттың да элементтері енеді. Радиорепортаждың өзіне тән айрықша құрылымдық сипаты бар. Ол өте шағын болғанына қарамастан, шиеленісі, шешуі, шарықтау шегі бар біртұтас, аяқталған дүние болып табылады.

    Тікелей әуе толқынының төл жанры болып есептелетін радиорепортаж қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктер аясында жаңаша сипатқа еніп, толыға түсті. Тонвагенмен де, ұялы телефонмен де оқиға ортасынан репортаж жүргізуге болады. Тікелей репортаж өз ретінде, аса маңызды айтулы оқиғалардан жүргізілетіні белгілі. Осындай ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі - 1991-жылдың қазан айының 2 – жұлдызында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің Байқоңырдан ғарышқа самғау сәтінен Қазақ радиосының “Тәулік тынысы” – “Панорама дня”. бағдарламасы тікелей репортаж жүргізген болатын. Содан шағын ғана үзінді келтірейік.

    - Байқоңырдан сөйлеп тұрмыз. Байқоңырда қазір 10 сағат 58 минут. Қазақ радиосының микрофондары атақты Гагарин алаңында. Енді бір-екі минутта аспан кеңістігіне ұшқалы тұрған, бортында экипаж мүшелері: командирі - Кеңес Одағының батыры, КСРО космонавт – ұшқышы Александр Волков, космонавт-зерттеушілер – Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров пен Австрия республикасының азаматы Франц Фибек бар. Алып “Союз - 13” космос кораблінің оң жақ қапталындағы 500 шақырымдай жерде радиостанция орналасқан. Микрофон алдында Бақберген Табылдиев.

    Міне, қадірлі ағайын, ел ғұмырындағы, Байқоңыр тарихындағы ең салтанатты шақты паш ететін оқиғаның секундтар есебі басталды. Қазір басқару орталығынан команда берілуі тиіс. Иә, иә! Міне корабль де оталды.

    Ардақты ағайын, мынау асау гүріл, ғаламат дүріл қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров мінген әуе кемесінің даусы.

    …10 секунд, 11-12-13-14-15…

    (Гүжілдеп барып, гүрс ете түскен корабльдің даусы естілді).

    - Міне, достар, отыз жыл күткен сәт те келіп жетті. Жаңа ғана гүрс еткен өздеріңіз естіген дыбыс алып әуе кемесінің даусы. Қып – қызыл оттан суырылып шыққан әуе кемесі аспан төрінде иненің жасуындай болып қана көрініп, жүйткіп барады. Бұл – нағыз тарихи сәт, қайталанбас шақ”.

    Дәл осындай айтулы, айрықша маңызды оқиғалар кезінде репортаж жанрын өз деңгейінде қолдану радиожурналистиканың ұшқырлығын танытар еді.



    4. Радиоесеп. Радиоесептің негізіне атқарылған істің қорытындысы, соның нәтижесінде қол жеткен табыстар, оң көрсеткіштер, немесе іс-шара аясындағы белгіленген шешімдер арқау болады. Сондай-ақ, радиоесепте оқиға барысындағы маңызды тұстардың мәнін ашып көрсететін сөйлеушілердің сөздері беріледі. Журналист болып өткен оқиғаны оның реттік желісін сақтай отырып, басты мәселелеріне тоқталып өтіп, қысқа да нұсқа мәлімет береді. Сондықтан да, радиоесеп хаттамалық сипатта ұсынылады. Негізінен, қоғамдық-саяси шаралардан, ресми оқиғалардан жасалады. Уақыт мөлшері жағынан радиоесепке арқау болған өмірдегі оқиға ұзақтығынан эфирдегі оқиға мөлшері бірнеше есе кем болады. Мысалы, алты сағатқа созылған мәжілістің есебі 2-2,5 минут қана болуы мүмкін.
  • 1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23


    База данных защищена авторским правом ©bezogr.ru 2016
    обратиться к администрации

        Главная страница