Оқулық Астана, 2009 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



страница3/23
Дата04.05.2016
Размер4.3 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

ІІІ. Мәдени-ағартушылық міндеттері. Радиохабар тарату көп қырлы мәдени-ағартушылық мақсатты жүзеге асыруда бірнеше кешенді міндеттерді қатар орындайды. Соның негізгілеріне жеке тоқталайық.

Эстетикалық міндеті. Қазіргі заманғы хабар тарату ісіндегі оның үш қыры назар аударуға тұрарлық.

1. Радиожурналистиканың үздік үлгілері эстетикалық талапқа жауап беріп, мәдениеттіліктің бір қыры болып табылады. Яғни, жүргізушінің жалынды сөзі, диалогтардың психологиялық ширығуы, жанды пікірталас, тосын қисын мен жаңа идеялардың айтылуы, тыңдарманның қиялын қозғап, оқиғаны көз алдына елестететін дыбыстық бояулар, өзін оқиға ортасында сезінуі, хабардың ішкі байланысы мен өрбу динамикасы, жып-жылмағай құрастырылуы, сөз, саз бен табиғи шулардың өзара үйлесімділігі — осының бәрі эстетикалық талғамды қалыптастыратын, сананы өсіретін әдіс-тәсілдер. Журналист неғұрлым радионың бейнелеуші құралдарын дұрыс қолданып, тыңдарман санасына күшті әсер ете алса, соғұрлым эмоциясын күшті тітіркендіреді және әдетте көңіл аудара бермейтін деректің өзі қатты тебірентеді. Қазіргі радионың көркемдік және құрылымдық мүмкіндіктері шексіз. Ол белгілі әдіс-тәсілдерді құбылта пайдалану арқылы деректі, оқиғаны соншалықты жанды, әрі әсерлі тыңдарманына жеткізуге қабілетті. Оның үстіне, қазір тікелей эфир тәсілі, яғни «жанды» эфир тәжірибеде кең қолданыс табуда. Мұның өзі журналистке көп артықшылық береді, әсіресе интерактивті режимде диалогтар құрып, шексіз импровизация жасауға, сөзді тауып айтуға, тыңдарманды қызықтыруға, бірге қуанып, күйінуге, сөйтіп, эмоциялық ахуалды күшейтуге ешкім шектеу жасай алмайды. Эфир уақытын дұрыс пайдалансаң, өзіңнің бағың, танымалдығың артып, рейтингің өседі, кәсіби білігің мен эмоциялық күйің нашар болса, уақытты зая кетіргенің, тыңдарманды жоғалтқаның. Эфир заңы, осындай қатал.

2. Радио өмірге келген кезден бастап өнердің әр саласын: музыка, театр, әдебиетті насихаттап, танытып келеді. Көркем шығармаларды радиоэфирге шығаруда көптеген ізденістер жасалынып, небір пішіндер мен жанрлар дүниеге келді және олар шығарманың әрін кіргізіп, эстетикалық талғамын көтеруге тікелей ықпал етті. Сонымен бірге, радионың өзі де басқа өнер салаларынан көп жайды үйреніп, әдіс-тәсілдерін байытты, рухани, мәдени және эстетикалық құндылықтарды бірге меңгерді. Радио арқылы небір үздік спектакльдер, актер үндері жазылып, «Алтын қорда» сақталды. Қазір де радиода жиі әні естілген сайын әншілердің танымалдығы арта түсуде. Бұдан шығатын қорытынды, радио өзінің эстетикалық дамуында басқа өнер салаларымен бірге өсті, осындай бірлікте аудиториясы кеңейді және биік талғамы қалыптасты.

3. Аудиомәдениеттің үздік үлгілері жылдар бойы қалыптасты және оның өзіндік дәстүрі бар. Әдебиет пен театрдағы барлық түрлер мен жанрлар дерлік түрленген күйінде радиоэфирге жолдама алып жатты, сөйтіп, бірін-бірі байытты. Радиопоэмалар, фельетондар мен очерктер, трагедиялар, психологиялық драмалар, комедиялар, фарс пен радиоцирк, тіпті радиобалет әр жылдары эфирге тарап тыңдарман қиялын шарпығанын қалай ұмытармыз. Қазір де «ауызша радио естеліктер», «дыбыстық кітап» дегендер кездесіп қалады.

Сөйтіп, радио өзінің көп жылғы тәжірибесінде басқа өнер салаларын насихаттап қана қойған жоқ, сонымен бірге жеке дара өмір сүре алатын қабілеттілігін, өзгелермен тең екендігін, шығармашылық әдіс-тәсілдерінің сан қырлы екендігін дәлелдеді.

Радио қай уақытта болмасын білім мен таным көзі, әлемдік мәдениеттің озық үлгілерін тарататын тиімді құрал. Сондықтан оның ағартушылық міндетін де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақ даласында жаппай сауаттылыққа жол салған, ұлттық інжу-маржандарымызды насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізген радио екендігін, ұлттық кадрлар мен зиялы қауымның өсуіне ықпал еткен күш болғандығын ұмытпаймыз. Қазір де оның ағартушылық міндеті шексіз, әсіресе орталықтан алыс елді мекендерге кітаптар, газет-журналдар уақтылы жетпейді, телехабарлар тарамайды. Ал, радионың таралу ауқымы әлдеқайда кең.

Радионың демалдыру-ойын-сауықтық міндеттері қазір алдыңғы қатарға шығып отыр. Көп радиостанциялар музыкалы, ойын-сауықтық форматта жұмыс істейді және ол заңды да. Радио көбіне жеңіл ақпаратпен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, сөйтіп, тыңдармандардың демалуға деген сұранысын қанағаттандырады. Осы мақсатта түрлі ойындар ойналады, жүлделер үшін сұраққа жауап береді, музыкалық жұмбақтар шешіледі, бірін-бірі құттықтап, қуаныш сыйлайды, күлдіргі әңгімелер айтып, жарысады, өмірдегі қызықты жайларды әңгімелейді. Сол сияқты түрлі музыкалық кештер мен концерттерден жазылып алынған хабарлар әуе толқынына да жолдама алады. Хабарлардың ендігі бір тобы әзіл-қалжыңға құрылады, түрлі әңгімелер мен актерлік көріністер сөз арқылы сомдалады.

Көбіне, ойын-сауықтық хабарлар журналистика талаптарына толық жауап бере алмайды, сондықтан оның аралық сипатына назар аударамыз. Яғни, мұнда көпшілік мәдениет, шоу-бизнес, эстрада мен әзіл-сықақ театрлары элементтері басым түсіп жатады. Оны жүргізушілерден журналистік қабілеттен гөрі, әртістік және коммуникабельділік талап етіледі. Дегенмен, радиотыңдармандар қатарын көбейту үшін әртүрлі аудиторияның талаптарын ескеріп, эфир кестесін түрлендіру, қажетті ақпаратты таратып отыруға да көңіл бөлген жөн.

Міне, радионың міндеттері сан қырлы екендігіне көз жеткіздік. Оның эстетикалық табиғаты да шексіз, шығармашылық мүмкіндіктері де мол. Соның бәрінің басын біріктіретін бір қасиетті ұғым — дыбыс. Радио — дыбыс өнері. Бір жылдары радио ешқандай да өнер емес деп, рөлін төмендетпек болғандар орынсыз пікірталас тудырған еді.

Өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары радиотолқында тараған “Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе!” деген лепті сөз - кеңестік тұңғыш радиохабары, мүлде жаңа идеялық мазмұнымен, болашаққа қарай мезгеген құдіретті үнімен адамзат назарын бірден баурап алған еді. Сол кезден бастап талант талғам өрісін кеңітетін, мүмкіндігі мол жаңа өнерге жол салынып, жаңа өнердің есігі айқара ашылды. Ол радиоөнер еді.

Радиоөнер ешбір елде бірден қалыптасып, бірден толысып кеткен жоқ. Бұның ашылар қойнауы мен құпиясы, сыры мен қыры әлі көп. Сондықтан да болар, радиоөнердің тәжірибелерін жинақтаған толық бір теориялық негіз әлі күнге жасалмай келеді.

1979 жылы В.В. Егоров пен В.Н.Ружников былай деп жазады: “...радио мен телевизия өнері ерекше жаңа түр ретінде барған сайын өзінің мол мүмкіндіктерін ашты. Олар өзге де өнер салаларымен бірге, халқымыздың рухани мәдениетінің молшылығы үшін белсенді араласып келеді. Газет, журналдардан айырмашылығы - телевизия мен радиохабары телефильмдер мен радиоспектакльдер - өнер шығармаларын жасау мүмкіндігі бар”.

Радиоөнердің сипатын радиотехниканың мүмкіндігіне байланыстырып, немесе радиожурналистиканың ерекшелігіне жатқызып айтылатын кейбір пікірлер бұл өнер табиғатына толық үңіле алмай келеді. Ол әлі де болса зерттеу аясын кеңітіп, тыныс алғыза түсуді керек ететін, болашағы зор, сипаты сырлы ерекшеленер өзіндік негізі, бұтақ жаяр кеңістігі бар үлкен өнердің бір саласы деуге әбден болады.

Өнертану ғылымының кандидаты Т. Марченко бір мақаласында: “Соңғы жылдары радиодраматургияның жетістігі ерекше сезіле бастады. Ол театрдағы пьеса, киносценариймен бірдей кәдімгі әдебиеттер құрамына енді. «Әлемдік радиопьесалар» сериясы бойынша “Млечный путь” деп аталатын жаңа жинақ шықты. Радиоқабылдағыштың құлағын қосар болсақ, акустикалық театр мәдениетінің өскендігіне, шығарманы радиоөнердің айқын да әсерлі тілмен жеткізетіндігіне сенеміз” деп жазды.

Радиоөнері туралы айтпас бұрын, әуелі мына бір екі мәселенің басын ашып алу керек сияқты. Радиохабарларын көркемдеу бар да, радиоөнер бар. Бұл екеуі әсте шатастыруға болмайтын өз алдарына мүлдем жеке-дара ұғым. Кино, театр өнері сияқты радионың да өзіне тән, табиғатына лайық көркемдеу тәсілдері бар. Ол ең алдымен сөз мәнерінен, музыка өнерінен, композициялық стилінен көрінеді.

Радиодан берілген көптеген хабар, мейлі ол очерк, суреттеме, корреспонденция болсын, мүмкіндігіне қарай жасандырып беруді қажет етеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы туралы корреспонденция келіп түсті дейік. Мұнда ауыл өмірінің барлық саласы жеке-жеке сөз болады. Ауыл табиғаты, шаруашылығы, мәдени тіршілігі түгел қамтылған. Корреспонденция қаншалық жақсы жазылғанымен, оны сол күйінде диктордың эфирге оқып шығуы радионың шын сипатына жатпас еді. Сол үшін оны өз мазмұнына сәйкес музыкамен көркемдеп, оқу өнерімен жандандыруға да тура келеді. Бірақ сонда да ол көркем шығарма бола алмайды. Ол радионың өзіндік стилі ғана болып қала береді. Айталық, кино өнерінің де өзіндік стилі бар. Көркем фильм басталар алдында біз үнемі кино-журнал, немесе жарнама көреміз. Онда бізге республиканың өмірі, немесе бір шаруашылық, не кәсіпорынның жақсы істері, кейде әр елден хроникалар көрсетіледі. Мұны көркем шығарма, яғни киноөнер деп қабылдай аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұл киноның алған тақырыбын көрермен қауымға баяндап беру стилі ғана. Киноөнерін біз көркемсуретті фильмнен ғана көреміз. Сол сияқты радиоөнерді біз, тек радиолық көркем шығармадан ғана естіп, көз алдымызға елестете аламыз.



Сұрақтар:


  1. Радиохабар таратудың қоғамдағы мәні мен орны қандай?

  2. Бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі радионың басты ерекшеліктері.

  3. Радионың аудиториясы қалай құрылады?

  4. Дыбыстық қабілеттің ерекшелігі неде?

  5. Радиохабар таратудың міндеттері қандай?

  6. Радиоэфирдің ақпараттық міндеті не?

  7. Қоғамды біріктіру міндеті қалай жүзеге асады?

  8. Радио мен телевизия арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктер.

  9. Радионың театр өнерінен өзгешелігі.

  10. Радио және әдебиет.

  11. Интернеттің дамуы радиоға қалай әсер етеді?

  12. Радиоөнердің өзіндік ерекшеліктері.

  13. Радионың дамуындағы оң үрдістер.

  14. Радио тәжірибесінде кездесіп отырған кемшіліктер.

  15. Радио және тыңдарман арасындағы байланыс.

  16. Қоғамдық хабар таратудың негіздері мен болашағы қандай болмақ?

Әдебиеттер:


  1. Омашев Н. Қазақ журналистикасы. 3-ші том. – Алматы, 2008.

  2. Омашев Н. Радиожурналистика негіздері. – Алматы, 1983.

  3. Сағымбеков Р. Алматыдан сөйлеп тұрмыз. – Алматы, 1979.

  4. Қабылғазина К. Дәуір үні. – Алматы, 2002.

  5. Основы радиовещания. – М., 1993.

  6. Барманкулов М. Журналистика для всех. – Алматы, 1979.

  7. Исакович М. Общая акустика. – М., 1973.

  8. Бернштейн С. Язык радио. – М., 1977.

  9. Любосветов Д. По законам эфира. – М., 1979.

  10. Радиоискусство. Теория и практика. – М., 1983.

  11. Смыслов Г. Восприятие речевого общения. – М., 199.1

  12. Справочник звуковое вещание. – М., 1993.


ІІ ТАРАУ
ҚАЗАҚСТАНДА РАДИОХАБАР ТАРАТУ ІСІНІҢ ТАРИХЫ


  • Радиоландыру ісінің Қазақстанда басталуы




  • Радиохабардың даму кезеңдері


Радио пайда болуының алғышарттары
Радио өзінің ағартушылық, насихатшылдық қызметі сонау Самуель Морзенің сызықшалары мен нүктелері түрінде болған кезінің өзінде-ақ атқарғаны тарихтан мәлім. 1914-1917 жылдарда дүниеге даңқы таралған Қысқы сарайдан саяси-тәрбиелік мәні бар ел зиялыларының сөздерін, патшаның нұсқауларын таратып, радиограммаларды басып шығарып, үлестіріп, ақпараттық-үгітшілдік саясаттың бір қызметін атқарған болатын. Сол тұста Ресей отары болып отырған Түркі халықтары да патшалық өкімет назарынан табылып, табиғи байлығы мол, бұратана халықты уысына ұстаудың басты құралы етіп, осы радионы пайдаланғаны құжат деректері арқылы мәлім.

Қазақ жерінде Ақтау қаласындағы (бұрынғы Шевченко, Форт-Александровск) радиостанцияның 1912 жылдан жұмыс істеуі де отарлау саясатын жүзеге асыру жолындағы шаралардың бірі екендігі айқын. Қазақ телерадиожурналистикасының тарихын зерттеуші ғалымдар – М. Барманқұлов, Р. Сағымбеков, С. Қозыбаев пікірлеріне сүйене отырып, қазақ жеріндегі радиостанциялардың 1913 жылдан емес, яғни 1912 жылдан жұмыс істегенін осы кітап авторы нақтылады.

Қазан революциясына дейін Александр Форты мен Түркістанда радиостанциялар жұмыс істеді. Олардың елге сіңірген еңбегі мен іс-тәжірибесі төңкеріске дейінгі жалпы радиотелеграф жұмысымен өзектес болып келеді.

Біріншіден, радиостанциялардың жалпы халыққа арналған кең аудиториясы болған жоқ. Ұйымдастырушылар алдарына ондай мақсатты қоймады. Радиохабарлары тек байланыс үшін қолданылып желілі телеграфты қайталады.

Екіншіден, радиостанциялар мемлекетке қарағанмен, шын мәнісінде түрлі ведомостволарға қызмет етті. Олар әскери және әскери-теңіз, сол сияқты почта-телеграф ведомостволары еді.

Үшіншіден, Қазақстан жеріндегі аталған радиолар негізінен әскери бөлімшелер арасын байланыстырушы қызметін атқарды. Олардың әскери байланыстағы рөлімен салыстырғанда шаруашылық, әкімшілік және саяси өмірге араласуы жоқтың қасы болатын. Әрине, ел өмірінің руханилығына араласпағанымен де радиобайланыстың қазақ даласында 1912 жылдан жұмыс істеп, Ресей радиосымен пара-пар жүруінің өзі де тарихи құндылық.

«Қазақ АКСР Халық комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болды. Онда Орынбордағы радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық берілді. Бұл республика әуе толқыны арқылы көпшілікке арналып берілген алғашқы радио хабарлары еді»,- деп түсініктеме берілген Қазақ радиосының 80 жылдығына арналған «Әуе толқынында – Қазақ радиосы» деген еңбекте. Міне, ғылыми жүйеленген, тиянақты зерттеу қорытындысы бойынша айтылған осы пікір Қазақ радиосының тарихи бастау алған күнін белгілейді.
Радиохабардың даму кезеңдері
Қазақ халқының мәдениеті мен тілін, діні мен тарихын, т.б. ұлттық құндылықтарын ғасырдан-ғасырға жеткізіп отырған радиохабарларының маңызы зор. Журналистиканың басқа түрлері сияқты радионың тарихи қалыптасу кезеңдері бар. Тәуелсіздік алған тұсқа дейінгі қоғамдық дамуымыз Ресеймен байланысты болғандықтан, әрі радионың отаны да сол мемлекет екендігі ескеріліп, қазақ радиохабарының дамуын төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастырамыз:

1. Қазақ жеріндегі радиоландыру ісі 1921-1927 жж.

2. Радиохабарының жаппай дамуы 1927- 1941 жж.

3. Отан соғысы жылдарындағы кеңестік радио 1941-1945 жж.

4. Соғыстан кейінгі жылдардағы радио 1946-1950 жж.

5. Тоталитарлық мемлекет тұсындағы радио 1950-1985 жж.

6. Қайта құру және жариялылық радиосы 1985-1991 жж.

7. Жаңа кезең радиосы 1991- 2009 жж.



Қазақ жеріндегі радиоландыру ісі
Радиоландыру ісінің қазақ жеріндегі бір көрінісі – граммофон мен пластинкаларды тарату. Осы жөнінде 1919-1920 жылдары Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық Кеңестің төрағасы болған С.Пестковский былай деп жазады (“Таптар күресі”, 1934, 4-қазан): “Мәскеуге партия съезіне немесе Кеңестер съезіне келген сайын мен Ильичпен көптеген сұрақтар төңірегінде кеңесетінмін...

Осындай әңгімелесу кезінде... мен өзге емес, өз тілінде не жаза, не оқи білмейтін көшпелі қазақ ауылының арасында партиялық және ағарту жұмысын жүргізудің қиындығын айттым. Владимир Ильич ойланып отырып: – Мен сізге практикалық кеңес берейін. Кеңес Конституциясы, Компартияның принципі, ұлттық саясат туралы бірнеше баяндама ұйымдастырыңыз. Бұл баяндамаларды граммофон күйтабағына түсіру керек. Сонсоң біздің орган арқылы граммофонды көбейтіп алуға болады. Бұған мен көмектесейін. Граммофон мен күйтабақты ауылдан-ауылға үлестіре отырып, көшпенділер арасына кең көлемде таратыңыз. Осылайша үгіт пен насихат жұмысының негізін салыңыздар", – деді.

Көп уақыт өтпей-ақ қарапайым жоспар жүзеге асты. 1920 жылдың көкек айында Верныйдың "Правда" газеті Мәскеуден В.И.Лениннің, А.В.Луначарскийдің, т.б. адамдардың сөздері, революциялық әндер жазылған алғашқы 600 граммофондық күйтабақтың алынғандығы туралы хабарлады. Олар Қазақстанның басқа да аудандарына жіберілді.

Ал С.Пестковскийдің "Кеңестік дала" ("Советская степь") газетінде (1939, 4-қазан) жарияланған осы естелігінде: "1919 жылдың желтоқсанында ревком атынан Кеңестердің VІІ съезіне Мәскеуге Байтұрсынов екеуіміз бардық. Съезден соң біз Ленинмен кездесуге сұрандық" – деп, кездесуге Ахмет Байтұрсыновпен бірге барғандығы айтылады. Ал кейінгі шыққан басылымдарда бұл естеліктен Ахаңның аты алынып тасталып жариялануы белгілі жайт.

Ахмет Байтұрсынов бұдан бұрын да Ленинмен жүздескен. 1919 жылдың 24-маусымында РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы шығады. Ол қаулы Қазақ өлкесін басқаратын әскери-революциялық комитет құру және оның төрағасы мен мүшелерін тағайындау туралы еді. Бұл комитеттің төрағасы болып С.Пестковский, мүшелері болып Сейітқали Меңдешов, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнғаншин, Б.В.Лукашев, Әліби Жанкелдин тағайындалады. Қаулыға В.И.Ленин қол қояды. Сөйтіп Ахмет Байтұрсынов Кеңес үкіметі тұсындағы мемлекет қайраткері ретіндегі қызметін Лениннің мандатымен бастайды. Комитеттің шаруасымен оның алдында болып жүзбе-жүз сөйлеседі. Қазақ өлкесінің саяси-экономикалық жай-жапсарын баяндайды, ағартушылық жұмыстарындағы қиыншылықтарды айтады. Владимир Ильич С.Пестковский екеуін жақсы қабылдап, сөздерін тыңдайды, өлкені басқару жөнінде бірнеше нұсқаулар жасау керектігін, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон пластинкаларына жазып, халық арасына тарату қажеттігін айтады.

Жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі радиостанциялар қызметіне қатысты барлық мәліметтерде оның жұмысы сөз санымен өлшенген, ал қазір радиохабар сөзбен емес, хабар тексімен немесе сағатпен өлшенеді. Оның үстіне барлық губерния орталықтары мен ірі-ірі уездік елді мекендер үшін кез-келген сәтте радиохабар түгілі радиограммалар жөнелту ылғи мүмкін бола бермейтін. Өйткені сол кездегі қуаты төмен станциялар белгілі бір сағаттар ішінде ғана жұмыс істей алатын әрі орталықтар мен елді-мекендердің барлығында бірдей радиостанциялар бола берген жоқ-тын.

Соған қарамай 20-жылдардың басында-ақ республика еңбекшілері Орынборда, Семейде, Гурьевте, Ақтөбеде, Александр фортында жұмыс істеген радиостанциялар көмегімен және Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Кереку, Өскемен, Қостанайдағы қабылдаушы радиостанциялар арқылы елімізде болып жатқан оқиғалар жайлы біліп отыратын еді. Мәселен, Қостанай радиостанциясы күн сайын 5 сағаттан аса жұмыс істеді.

Қостанай қаласында "Қызыл үдеткіш", Федоров ауданында "Қызыл диқан", ал Боровской ауданында "Қызыл тоғай" шықты. Әрбір нөмірге: бас мақала, Кеңестік Ресейде, контрреволюция қосында, революция оттары, ашаршылыққа қарсы күрес, кіші салық, хроника және фельетон тақырыптары бойынша материалдар енді. Насихатшы "терезесі" ұйымдастырылды. Аптасына 3 рет "Кеңес құрылысы" баспа газеті шығып тұрды; ал РОСТА-ның Федоров уездік бөлімшесі "Қызыл диқан" газетінің 10 нөмірін, "ауызша" газеттің 12 нөмірін дайындады.

М.Грублин өзінің “Түкпірдегі ауызша газет” деген мақаласында (“Нұсқаушы парақ”, 24, 1921) былай деп еске алады: "Сөйтіп “ауызша газеттің” бірінші нөмірі де жарыққа шықты. Бұл жұрттың бәрін елең еткізді. Келесі нөмірді шығаруға уездік партия комитетінің барлық мүшелері және көптеген жауапты қызметкерлер келді. Тыңдаудан өткізілген соң газет "мақұлданды". Бәрі де "ауызша" газеттің маңыздылығы мен қажеттілігін мойындады.

Жергілікті жерден шыққан басқа да "ауызша" газеттердің артықшылығы – жергілікті сипатта болғандығы еді. Нақ осы жергілікті ауқым, бүкіл материалдың газет шығатын жерге, тыңдаушылардың белгілі бір құрамына бейімделуі "ауызша" газеттің бірінші және негізгі белгісі, сондай-ақ оның баспа газеттерден айырмашылығы болды. Баспа газеті ол кезде дерек туралы жалпы себептерді көрсетіп қана қоятын-ды. Жергілікті "ауызша" газет нақты және тек қана жергілікті себептерге тоқталады. Ең бір "сезімтал" тұсты қозғайды. Тыңдаушыны сұрақтар қоюға, өзіне-өзі талап қоюға еріксіз мәжбүр етеді. Хабарларды бір белгісі бойынша сұрыптайды. Одан соң апталық шағын шолу толықтырады, онда да материалдар жекелеген мәселелер бойынша топталып, соңынан сахналық қойылымдр көрсетіледі. Жалпы тәжірибе бойынша “ауызша” газеттің негізгі екі түрі қолданылды: бірінші түрі — дауыстап оқу. Халыққа баспа газеті жетпейтін жерде, сондай-ақ халықтың сауаттылығы төмен жағдайда газетті осылай оқуға тура келді. Мұндай оқу кезінде уақыт, орын, лайықты үй, арнайы оқушылар дайындалды, кәдімгі газет материалдары тыңдаушыларды жалықтырмайтындай және жылдам түсінілетіндей етіп өңделді.

Ол тағы бір міндет атқарды: халықтың жергілікті топтарын "газет оқу шеңберіне" тартты және баспа газетінің жаңа, саналы да мұқият оқырманын даярлады.

“Ауызша” газеттің екінші түрі – бұдан бөлек. Оны "ауызша" безендірілген журнал деп атаған дұрыс болар еді. Онда өткен оқиғаларға және күн тақырыбына сай безендіру бірінші орында тұрды: музыкалық және әдеби-драмалық безендірулер, суретті, сахналық, карикатуралық безендіру, саяси шарж, памфлет, фельетон, көкейтесті сатиралық әзіл-оспақ берілді. Газеттің өз материалы мұнда екінші орынға ығысты.

“Ауызша” газет үгіт театрына, сатира театрына жақын тұрар еді. Сондықтан, бұл газеттің штатында суырып-салма жүргізуші, актер, декламатор, драматург, миниатюрист және куплетистер болды.

“Ауызша” газет оқылмайды, тындалады. Оның мазмұны жеңіл, жұрттың бәріне түсінікті де ұғынықты болуы керек. Осыған байланысты, “ауызша” газеттегі хабарлама да баспа газетіне қарағанда басқаша беріледі. Ақпараттың ауқымдылығы шұбалаңқылық пен шамадан тыс көпсөзділікке апарып соғады. Ал “ауызша” газеттегі ақпарат ұғынықты болумен қатар ықшамды, қысқа, қарапайым келеді.

“Ауызша” газет үшін ақпарат берудің ең жақсы формасы шолу еді. Біртекті, бытыраңқы, үзік-үзік телеграммалар мен заметкалар біртұтас байланысқан шолуға бірігеді. Мұндай шолудың басына шағын аннотация беріліп, одан кейін таңдап алынған деректі материал кетеді. Сонда хабарлама материал үгіт жүргізуші мақала болып шығады.

Радионың алғашқы пайда болуы уақыт өткен сайын өзіндік ерекшеліктерді игерді. Әуелде радиотехника ретінде пайда болып, соған ғана қызмет етсе, уақыт өткен сайын ақпарат қабылдайтын, өңдейтін, тарататын аудиторияға айналып, насихаттық мәнге ие бола бастады.

Радиостанция ұғымы алғашқы арнаулы техникамен жарақталған орын дегенді білдіретін. Кейінірек радиостанция ұғымы жаңа, қосымша мазмұнмен толықты. Енді техникалық орын ғана емес, сондай-ақ ақпарат радио-жаршылар жасалатын орын және осы істің редакциялық, журналистік қызметін жүргізетін арнаулы штат жұмыс істейтін жер радиостанциялар деп атала бастайды.
Түркістан Республикасының ақпарат жүйесі
Қазақстанның сол кезде үштен бір халқы қоныстанған Сырдария мен Жетісу (қазіргі Шымкент, Қызылорда, Жамбыл және Алматы мен Талдықорған) облыстары үшін негізгі ақпарат көзі – Түркістан орталығы – Ташкент қаласындағы радиостанция еді. Одан тараған хабар-ошардың қазақ жерінде мәдени-ағарту жұмыстарының өрбуіне, революциялық іс-қимылдардың өрістеуіне тигізген ықпалы болды.

1917 жылы 1 қарашада Түркістан Кеңес үкіметі орнайды. Онымен бір мезгілде, Оңтүстік Қазақстанның, Әулиеата, Жуалы, Перовский, Қазалы тағы басқа қалаларында үкімет билігі жұмысшы-солдат депутаттарының қолына көше бастады. 1918 жылғы 30-көкекте РКФСР құрамындағы Түркістан Автономиялы Кеңестік Республикасы құрылды. Республика құрамындағы Ферғана, Закаспий, Амудария, Самарқанд облыстарымен қатар Қазақстанның оңтүстігіндегі Сырдария мен Жетісу деп аталған облыстарда 1,5 миллион халық, оның ішінде 1 миллион 198 мың қазақ тұрды немесе олар осындағы халықтың 79,9 пайызын құрады.

1918 жылғы мамырда Түркістан республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің бұйрығымен ақпарат бюросы құрылып, оның міндеті мен мақсаты тұжырымдалды. Ақпарат бюросына Ресей мен Түркістандағы жағдайды беруден басқа, республикалық Халық Комиссарлар Кеңесінің құжаттар мен декреттерін түсіндіріп, тарату міндеті жүктеледі. Ақпарат бюросының қызметкерлері Түркістандағы болып жатқан маңызды оқиғалар жөнінде үкіметке қысқаша баяндамалар жасауға тиісті еді. Сонымен бірге, жергілікті жерден хабар беру үшін әр Кеңестен бір немесе бірнеше өкіл бөлінді. Жиналған мәліметтер республикаға аптасына екі рет почтамен, ал өте маңызды мәліметтер радио-телеграфпен дереу жіберілді.

Түркістанды журналист кадрлармен қамтамасыз етудегі жүргізген жұмысты сараптап, үш аспектіге бөлуге болады: біріншіден, үкімет органдары өлке халқының дәстүрі мен тілін білетін, журналистік тәжірибесі мол өз өкілдерін жіберді; екіншіден, алдыңғы қатарлы ұлттық интеллигенция өкілдерін баспасөз органдарын құруға қатыстырды; үшіншіден, журналист кадрларының мамандығын көтеру мақсатымен кәсіби оқуға көңіл бөлді.

ТүркРОСТА-ның радиоқабылдағыштары бар барлық атқару комитеттеріне қысқартылған радиожаршы жаздырып алуды және атқару комитеті үйіне арнайы тақтаға соңғы күн жаңалықтарынан жалпылама мағлұмат беретін ақпарат ілінуін міндеттеген қаулының қабылдануы баспасөз ісі нашар дамыған шалғайдағы Түркістанда "Плакатты жаршының" тууына жеткізді. Сонымен қатар қысқартылған жаршыны өзбек және қазақ тілдерінде беру туралы да шешім болды.

ТүркРОСТА журналистері пайдаланған насихат жұмысының тағы бір түрі "ауызша" және "жарық" газеттерінің пайда болуы – қағаз тапшылығы, транспорт жайының нашарлығы, ең бастысы – қалың бұқараның қаріп танымаушылығы салдарынан еді. Ауызша газеттердің өзіндік ерекшелігі тыңдаушылардың хабарды толық түсінуіне және өздерін қызықтырған сұраққа жауап алуына, аудиторияның қалыптасуына ықпал етті.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


База данных защищена авторским правом ©bezogr.ru 2016
обратиться к администрации

    Главная страница