Оқулық Астана, 2009 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



страница14/23
Дата04.05.2016
Размер4.3 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23



ДИРЕКТОР




1 – ОРЫНБАСАР





2 - ОРЫНБАСАР





Шығармашылық топ

Бас редакторлар

Техникалық топ

Бас инженерлер







Редакторлар

Режиссерлер

Журналистер

Комментаторлар

Дикторлар

Музыкалық редакторлар

Ди-джейлер, жүргізушілер


Дыбыс режиссерлері

(әрі шығармашылық)

Операторлар

Саунд-дизайнерлер

Инженерлер

Шығарушы секторлар

Жылжымалы радиостанциялар

Жөндеушілер

Режиссердің көмекшісі





Қызмет көрсетушілер тобы




Фонотека Кадр бөлімі

Бухгалтерия Жарнама бөлімі

Күзет бөлімі Жөндеуші техниктер

Жүргізушілер Қосалқы қызметтер



Радиоүйінде сөздік, музыкалық, концерттік, әдеби-драмалық студиялар болады. Студия – дыбыстық хабарлардың жасалу процесі өтетін акустикалақ жарақтандырылған арнайы бөлме. Студияның іші дыбыс өтпейтіндей етіп, шудың таралуын төмендететін, дыбыстың шағылуын бәсеңдететін құрылыс материалдарымен қапталады. Аумағына, атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінеді.

Студиялық аппараттық блок – мұнда сөздік, дикторлық мәтін жазылады, режиссер мен хабар редакторы, оператор отырады. Олар монтажға дейінгі кезеңді, хабардың мәтінін талапқа сай етіп жазып алады.

Монтаждық аппараттық бөлмеде шағын хабарлар жасалады. Онда магнитофондар, монтаждық пульт, бақылаушы дыбыстық агрегат орналасқан.

Қайта жазу және күрделі монтаж аппараттық бөлмесінде-музыкалық, драмалық композициялар, эстрадалық, симфониялық т.б концерттер фонограммалары дайындалады. Мұндайда бірнеше магнитафондардан шыққан дыбыс сапасы реттеледі, яғни микшерлеу процесі жасалады, көп жолды магнитофондар дыбыстары жазылады. Әр түрлі дыбыстық әсерлер және жасанды жаңғырық жасалады. Ал, эстрадалық ансамбльдерді жазған уақытта бөлектеп жазу қолданылады. Мысалы, бірінші жолға ритмикалық топты (рояль, контрабас, қақпалы аспаптар); екінші жолға- үрмелі аспаптар (труба,тромбол); үшінші жолға- саксафон; төртінші жолға- солист жазылады. Сонан соң сигналдар магнитофоннан студиядағы күшейткішке беріледі. Одан кейін синхронды дыбыс жасау үшін көпжолды магнитофоннан біржолды магнитофонға көшіріледі.

Концерттік студия кең болуы тиіс, 80-100 адам еркін сиятындай болады. Мұнда жеке әншілерден бастап, түрлі хорларды, ұжымдар орындауындағы бағдарламалар жазылып алынады. Бұл орында қанша жақсы жарақтандырылғанымен де студиялық «атмосфераның» сақталуы жиі кездеседі. Студиялық «атмосфера» деген – айналадағы қоршаған ортадан пайда болатын, дыбыс жазуға кедергі жасайтын шу. Бұл – көбінесе бағытталмаған микрофондарды дыбыс көзінен алшақ орналастырудан болатын құбылыс. Ондайда микрофонда отырған адамның сәл ғана қимылы, желдету жүйесінен өтіп тұрған ауаның ағымы, диктордың терең дем алғаны да жағымсыз шулардың пайда болуына жол ашатын құбылыстар болып табылады. Мұнда үлкен концерттік бағдарламаларды орындауға мүмкіндік бар. Оркестрді еркін орналастыруға болады.

Әдеби-драмалық студия негізінде түрлі радиоқойылымдарды дайындауға бағытталған орын. Актерлердің жеке дауыстарына және қатысушы топтың қимыл-әрекеттеріне, сөйлеулеріне лайықталған.

Сөздік студияда алдын ала хабардың мәтіні яғни сөздің орфогрфиялық, орфоэпиялық, стилистикалық, грамматикалық ерекшеліктері режиссер тарапынан қадағаланып, үзілістің (пауза) орынды қолданылуы, екпіннің түсірілуі, дауыстың қалыпты деңгейінің сақталуы, т.б. ерекшеліктер ескеріледі, дикторлық мәтін оқылып, жазылады. Ол екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлме режиссерлерге, екіншісі дикторға арналған. Екі бөлменің арасы әйнекпен бөлініп, арасын байланыстыратын микрофонмен жалғастырылған. Жазылуға тиіс мәтіннің сапалы шығуына дыбыс операторы мен режиссер жауаптылық көрсетіп, қадағалап отырады.

Студиялар жабдықталған кезде міндетті түрде дыбыстық ревербрация есепке алынады. Реверберация(1) – латынша «reverbaratio» шағылу деген сөзінен шыққан. Яғни, жабық бөлмедегі дыбыс өшкеннен кейінгі оның біртіндеп сөну процесі осылай аталады. Сөздің анық, жақсы естілуіне қажетті реверберация уақыты 0,5- 0,6 секундтан аспауы қажет. Үлкен студияда 0,2-0,25 секунд, кішірек студияларда 0,3-3,5 секунд аралығы қамтылады.

Микрофондар алдыңғы жазу бөлмесіндегі пультке жалғастырылады. «Мына тұста барабан күштірек» немесе «скрипка үні әлсіздеу» деген сияқты кемшіліктерге жол берілмеу үшін инженерлер микрофонды дайындауға аса көңіл бөледі. Ал, радиоқойылымдарды жазу концерттік бағдарламаларды жазудан күрделі болып келеді. Мысалы, ондай студияларға кемінде бес микрофон қойылады. Төртеуінен шықққан сигнал пультке, пульттен тағы бір микрофонға, одан кейін дыбыс агрегатына беріледі.



Дыбыс жазу кезінде адам даусының неғұрлым табиғи шығуына көңіл бөлінуі қажет. Табиғи жазылған дыбыс хабардың нақтылығын арттырады. Сонымен, дыбыстық студияларға қажетті шарттар - дыбыстық (изоляция) оқшаулау, акустикалық талап, реверберация уақыты, техникалық және шығармашылық топ жұмысын қамтамасыз ету. Жоғарыда аталып өткен негізгі студияларға қосымша халықаралық хабарларды жазу және студиядан тыс трансяциялық хабарлар жасау орындары да бар. Трансляция - сөз бен дыбыс арқылы ешбір өзгеріссіз оқиға картинасының жасалу процесі. Қазіргі кезде трансляцияның маңызы зор. Өйткені, шетелдерде, ТМД мемлекеттерінде болып жатқан көптеген халықаралық маңызды оқиғалар осы трансляциялық жолмен таратылады.
Радиодағы шығармашылық топ
Редактор - әуе толқынына шығуға тиісті хабарға жауапты адам. Оның міндеті сол өзі қызмет етіп отырған арнаның бағыт-бағдарына, жоспарларына орай хабардың сценарлық жобасын құру, жанрын анықтау, хабарға қатысушы адамдарды шақыру, үнтаспаға дауысты жазып алу, мәселеге қатысты жайларды анықтау сияқты т.б. ұйымдастыру шараларымен шұғылданады. Егер хабар басқа адамның авторлық бағдарламасы болса да тиісті бөлімнің редакторы тексереді, эфирге рұқсат береді. Хабар барысында қатысатын журналистерге тапсырмалар беріп, бағыттайды. Ал, журналистке қойылатын талаптар төмендегідей:

  1. Тапсырманың нақты мақсатын түсіну.

  2. Объект жайлы толыққанды мәлімет жинау.

  3. Оқиғаның немесе жағдайдың барысын дұрыс түсіну.

  4. Қойылатын сұрақтарды дайындау.

  5. Хабардың жанрын, пішінін белгілеу.

  6. Негізгі объект келмей қалған жағдайда қосымша кейіпкерлер дайындау.

  7. Техникалық құралдың дайындығын тексеру.

Хабар редакторының тікелей эфир кезінде жауапкершілігі тіпті артады. Режиссермен байланыс сапасы жақсы ма, сигнал өз дәрежесінде жетіп тұр ма, аудиториямен байланыстыратын телефондар дұрыс па, джинглдар мен музыкалық шығармалар дайын ба, бағдарламаның қонақтары дер кезінде шақырылды ма деген сияқты жайлардың бәрін тікелей міндетіне жатпаса да тексеруі қажет. Тіпті хабардың өту процесі де күрделенеді. Себебі, ол хабар барысында оқиға туралы баяндау-заметка, оқиға кейіпкерімен әңгіме-сұхбат, оқиғаға түсінік беру - комментарий, әртүрлі пікірлер айтылуы мүмкін — "дөңгелек стол", оқиғаның көрінісінен хабардар ететін - репортаж, тіпті есеп те кездеседі. Міне, осындай сан түрлі жанрлар тоғысқан хабарды дұрыс ұйымдастыру - редактор міндеті. Тіпті микрофонмен қай жерде тұру, объектіні қалай сөзге тарту керек, сөйленер сөзді қалай даярлау керек деген сияқты функциялар да соның еншісінде. Өйткені, сол хабардың эфирден шығуына, тіпті бүкіл тағдырына жауапты.

Режиссер. Радиотуынды негізінен журналистік мәтіннен және музыкадан құралады. Тыңдаушының қабілетін әспеттеу, солардың сұранысына орай хабарлар жасау арқылы, аудиорейтинг жинау журналистің міндеті болса, оны көркемдеп, әсірелеп жеткізу дикторға жүктеледі немесе әртістер шақырылады. Тыңдаушы адаммен емес, сөзбен бетпе-бет келеді. Телевизиялық хабарларда сюжет негізгі рөл атқарады да, сөз қосымша міндет өтейді. Ал, радиода бүкіл әрекет, құбылыс, оқиға тек сөзбен өрбіп, тыңдарманның көз алдына бүкіл көрініс тек баяндаумен елестетіледі. Міне, сондықтан да радиожурналистердің шеберлігіне қосымша режиссураның қажет болатындығы осыдан келіп шығады. Таспаға жазылған материалдың басты компоненттері - дауыс, оқиғаның дыбыстық бейнесі, музыка, шу, т.б. көркемдік элементтерді біріктіріп, үйлестіріп отыратын бірден-бір маман - режиссер. Режиссерлық қызмет қаншалықты қиын болғанымен, соншалықты елеусіз қалып жатады. Эфирлік өнім әуе толқынынан өткен соң "хабардың режиссеры - бәленбай" деген бір ауыз сөзбен тиянақтала салады, ал атқарылған істің жауапкершілігі, ауқымдылығы өте үлкен екендігі байқала бермейді.

Режиссура кәсіптен де биік тұрған нәрсе, ол өнермен астасады. Себебі, ол ән, би, саз, әртістік, т.б. секілді өнердің барлық түрлеріне жүйе-жүйесімен бағыт сілтеп, бағдар беріп отырады. Бір-біріне лайықты, бірақ әртүрлі дүниелерді жинақтап, біртұтас әлем жасайды. Ал, радиодағы режиссураның мәніне келсек, ол тіпті маңызды рөл атқарады. Радио режиссеріне қажетті алғышарттарға келетін болсақ:



  • қиялға бай, яғни фантазиясы мықты болуы шарт;

  • білімді, білікті, өресі жан-жақты болғаны абзал;

  • өмір құбылыстарының кез келген саласынан хабардар
    болуы керек.

Мұндай қасиеттерді талап етудегі басты себеп - режиссер өз қызметі барысында әр түрлі мазмұндағы саясидан бастап әдебиге дейінгі хабарларды жасаумен шұғылданады. Тіпті, қарапайым ақпараттың өзі тыңдаушысына жан-жақты сферада әсер етпейтін болса, онда журналист еңбегінің еш кеткендігі. Сол хабарлардың әрқайсысын қандай дауыс екпінімен, қай интонацияда оқу керектігі (мысалы, саяси, ресми хабарлар салқынқанды, бірқалыпты тонмен оқылса, көркем хабарлар леппен, жарқын дауыспен, эмоциямен оқылады, балаларға арналған хабарлардың өз интонациясы бар т.б.) жөнінде дикторға немесе жүргізушіге бағдар көрсетіледі. Бағдарламаның немесе хабардың көтеретін салмағына қарай музыкамен, роликтермен көркемдеу де режиссердің маңызды міндеттерінің бірі. Сценарлық жоба қаншалықты жақсы болса да, ол мәтіннің мағынасына сай дикциясымен оқылып, мазмұнды байыта түсетін әндермен, музыкамен, роликтермен әрленбесе, онда хабар әсерлі болып шықпайды. Егер режиссура - радиохабардың құрамдас, маңызды бөлігі болып табылса, мәтін - хабардың негізі, тірегі, ал көркемдік элементтер (музыка, ролик, шу, дыбыстық эффектілер, т.б.) оның жан бітіруші, бітімін білдіруші факторлары болып табылады. Міне, осындай ерекшеліктерді үйлестіріп, жымдастарып, бүтін бір дүние етіп эфирге шығарып отыратын адамдар — режиссерлер.

Радиодағы хабарлар жанры жағынан әр түрлі болған сайын режиссер еңбегі де күрделене түседі. Бұрынырақтарда радиода жиі кездесетін радиокомпозиция, радиоочерк, радиофельетон, т.б. сияқты жанрлардың, көркем әдеби хабарлардың, радиодраматургияның азайып кеткендігі де радиорежиссерлерінің жұмысын бір жақты, бір сарынды бағытқа ауыстырып жібергендей. Сондықтан да, қазіргі кезде жиі кездесетін радиосұхбат, радиоәңгіме сияқты жанрлардың өзін құбылтып әсірелеп беру, тіпті қарапайым ақпараттың өзіне "жан бітіру" де режиссердің міндеті. Бұл ретте олардан адам жанының психологиясын меңгеру қажеттігі талап етіледі және хабар жазу кезінде кездесетін әр түрлі кездейсоқтықтарға да (шығармашылық, техникалық т.б.) дайын болулары қажет. Өйткені, эфирлік өнімнің тағдырына редактормен бірдей жауапкершілік танытады.

Жақсы режиссер оператор, жөндеуші, топмейстер, дыбыс режиссері сияқты көмекшілері бола тұра бар жұмысты өзі атқара береді. Ол алдымен, жұмысты бастамас бұрын хабардың мәтінімен танысады. Сонан соң күллі көркемдеуші элементтерді дайындайды, музыканың естілу уақытын да сол белгілейді. Кез келген жерден музыканы үзіп тастауға болмайды, белгілі бір жеріне дейін ойнатып, сонан соң біртіндеп барып хабардың жабылу процесіне сай аяқтау қажет. Эстетикалық талғам, тыңдаушыға жетер әсер басты талап болуы тиіс.

Тікелей эфирде режиссерден жинақылық, шапшаңдық талап етіледі. Дер кезінде қажетті шуларды, музыкаларды жіберу, фонограмманы қосу т.б. әрекеттер ашық эфирде тез орындалуы қажет. Кейде шақырылған адамдар келмей қалады, кешігеді, ондайда хабар жоспары өзгереді. Ендігі жерде режиссердің жедел шешімі керек. Әрине, режиссер көмекшісінің, оператордың жәрдемдері қажет. Хабардың үзіліп қалмауын қамтамасыз ету де соның міндеті. Кейде жүргізуші сөйлеп тұрады, ал радиодан естілмейді. Сондықтан, студия мен апараттық бөлме арасын байланастыратын микрофоннан басқа наушниктер де қолданылады.

Репортер - ақпарат қызметінің негізгі құрамы. Оқиға барысын қадағалап, жедел сұхбат алып, репортаж жүргізетіндер. Оларға қойылатын басты талаптар: оқиғаны дәл жеткізу, мақсатқа жету, оқиғаның бейнесін ашуда ыждағаттылық керек, ең бастысы – радионың көркемдеуші, бейнелеуші құралдарын шеберлікпен пайдалану, дыбыстық эффект арқылы хабар берудің тыңдарманға жол табар әдіс-тәсілдерін табу. Негізгі оқиға орнынан басқа олардың ақпарат алатын көздері – ИТАР-ТАСС, РИА-"Новости", "Интерфакс", "Пост-фактум", "Қазақпарат", "Қазақстан-ТУДЕЙ" т.б.

Дыбыс режиссері – телевизия мен радиода жұмыс істейтін дыбыстық материалдарды дайындауды ұйымдастыруға басшылық жасайтын, фонотекалық материалдарды таңдайтын, дыбыстың техникалық, көркемдік сапасын бақылайтын, дәл уақытында дыбыстық эффектілерді қосып, тоқтатып тұруды, микшерлеуді, фонограмма жазуды бақылайтын шығармашылық қызметкер.

Дыбыс операторы – телевизияда, радиода жұмыс істейтін, хабар кезінде үнтаспаға жазылатын дыбыстың сапалы жазылуын қамтамасыз ететін, қажетті шуларды, музыкалық шығармаларды сценарлық жоба бойынша тиісті жерлеріне қосып, қадағалап отыратын техникалық қызметкер. Ал, телеоператорды техникалық емес шығармашылық топқа да жатқызуға болады. Өйткені, оқиғаның басталуы, желісі, шарықтау шегі, маңызы, түйіні сияқты мәселелерді дөп басып түсіру, назар аударарлықтай детальларды тап басу сияқты факторларды сұрыптау үшін ой-қиялы ұшқыр, шығармашылық түйсігі жоғары болуы керек.

Ди-джей – музыкалық хабардың жүргізушісі. Ең алдымен оның музыканы жақсы түсінуі шарт. Сол аудитория тыңдаушыларының сөйлеу стилін меңгеруі керек. Сөзде қолдану үшін емес, тыңдармандарды түсіну үшін жаргондарды да білгені жөн. Егер өз тыңдаушыларынан бөлек жоғары тонды сөздерді қолданып тұрса - аудитория түсінбей, кажетсіз пауза пайда болуы мүмкін. Сондықтан, неғұрлым ортақ тіл табысқаны дұрыс.

Ди-джей адамдарды тыңдай білетін, түсіне алатын психолог та болады. Эмоциялық ұстамды болғаны жөн. Білімділік, интеллектілік аса қажет. Шет елдердегі ди-джейлікті бірнеше жоғары оқу орындарын бітірген, кез келген саладан хабардар, жасы толысқан адамдар атқарады. Оның тәжірибесі, көрген-білгені жеткілікті болмаса, сөйлер сөзі де болмайды. Әрине, қосымша ізденістер кажет. Мысалы, эстрада әншісінің сахнадағы, сахнадан тыс өмірі, әдеттері, көзқарасы т.б. туралы көбірек деректер, дайындық қажет.

Эфир жүргізушілері, жаңалықты жүргізушілер, ди-джейлер радионың форматына тәуелді болады. Аудиторияның ерекшелігіне жүгінеді, егер ересек адамдар болса, естеліктер, әңгімелер айтып, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатады. Ал жастар аудиториясы күлкілі жайларды, көңілді музыканы талап етеді. Сондықтан, бағдарлама жүргізушілері кез келген аудиторияны үйіріп алатындай болуы керек. Ди-джей мен бағдарлама жүргізушісіне тарқатып жеке анықтама берудің қажеті жоқ: екеуі де аудиториямен, халықпен жұмыс істейді. Екеуіне де қойылар талап ортақ. Тек ди-джейге қосымша музыкалық білім қажет. Қазіргі еуропалық музыканттарды, Ресей жүлдыздарын, қазақ эстрадасының қаймақтарын жете білетін, музыка әлемінің небір жаңалықтарын біліп, аудиторияның талғамын дөп басып, көңілдерінен шығып жататын ди-джейлер бар.



Сандық радиохабар
Бүгінгі күнде дамыған мемлекеттер қатарындағы елдерде сандық радиохабар тарату технологиясына көңіл бөлінуде. Оның кәдімгі аналогтық радиохабардан немен ерекшеленетінін көрейік:

Ең алдымен дыбыс сапасындағы ерекшелік көзге түседі, естілуі ешқандай кедергісіз әрі айқын. Сандық технологиямен жасалатын радиохабарларының тағы бір артықшылығы – қозғалмалы радиоқабылдағыштарға келетін сигналдың сапалы болуы. Оның үстіне сандық радиоқабылдағыштар сигналдардың ішіндегі күштісін автоматты түрде таңдай алады. СРХ-ға (сандық радиохабар) қоса "радиомультимедия" түріндегі хабарлар да жүреді. Олар тыңдарманға қосымша ақпаратты радиоқабылдағыш дисплейіне береді. СРХ компьютерлермен және ұялы телефондармен де тығыз байланысты. Кейбір мемлекеттерде радиоқабылдағыштар мен GPS және ГЛОНАСС сияқты іздестіру жүйелері толқындардың бір диапазонында жұмыс істейді. Бұл мүмкіндіктің автомобилистерге тигізер пайдасы зор. СРХ-ын бір-біріне кедергісіз сандық қабылдағыш та, ескі аналогты қабылдағыш та қабылдай алады. Қазір СРХ-ға байланысты көптеген технологиялар дайындалуда. Оның біреуі — американдық Command Audio компаниясының жеке (персональді) радио технологиясы. Яғни, тыңдарман қажетті ақпаратты өзіне ыңғайлы уақытта ала алады. СРХ мен ұялы телефондардың тығыз байланысып дамуы көзге түседі. Ұялы телефондардағы барлық мультимедия файлдарының жіберілуі мен қабылдануы осы СРХ арқылы іске асады. Оның себебі - СРХ-ның ақпарат тарату жылдамдығының айтарлықтай үлкен болуы (2 Мбит/с).

СРХ-ның пайда болуы XX ғасырдың 80-жылдарынан басталған. 1982 жылы Sony мен Philips компанияларының бірігіп жұмыс істеуінен пайда болған компакт-дискқа жазу технологиясы қолдау тапқаннан бастап, радиобайланыстағы сандық қабылдау мен жіберу тәсілдері дами бастады. 1987 жылы Британияның ВВС деген медиагиганты Eureka – 147 (Эврика 147) жобасын бастады. Осы жоба нәтижесінде ең алғаш СРХ Швецияда 1996 жылы таратылды. СРХ таратудың санаулы технологиялары бар. Олар: Европадан шыққан Эврика-147, DRM және Америкада шыққан ІВАС/ІВОС технологиялары. Ресми түрде Эврика-147 DAB ең жақсы дамыған СРХ тарату технологиясы болып табылады.

Ресми түрде Эврика-147 DАВ 1997 жылы ТҒА деген Берлинде өткен көрмеде көрсетілді. Қазір Эврика-147 DАВ ең жақсы дамыған жүйе ретінда Европада қолданылады, әрі СРХ тарату технологиясы болып табылады. Оның атап өтетін артықшылықтары:



  • сапасы компакт-диск дыбысының сапасынан қалыспайтын дыбыс;

  • сигналдардың кедергілерге қарсы тұра алуы;

  • параллельді түрде ақпарат тарата алады;

  • радиоқабылдағыштар куатты азырақ қажет етеді.

Бүгінгі күнде, СРХ-ны таратушы DAB стандарты – көптеген стандарттарды біріктіретін кешен. Мысалы, дыбыстың барлығы МРЕG Audio Layer 2 сандық дыбыс форматында беріледі. Эврика-147 жүйесінде мультиплексор деп аталатын құрал арқылы бірнеше бағдарламаларды эфирге беру жүзеге асырылады. Алайда, Эврика-147 жүйесі әрі жетілген, әрі ыңғайлы болғанымен оны толығымен іске қосу үшін қазіргі радиохабар таратушы жүйелердің барлығының жұмысын өзгерту керек. Бұл көптеген материалдық шығынды қажет етеді. Дегенмен де, сандық радиохабар (СРХ) таратудың бұл түрінің болашағы үлкен. Алдағы уақытта бүкіл радиожүйелер осы технологияға тегіс көшірілуі мүмкін, әрине, озық технология қашанда жоғары тұрады.

Электронды арналардағы жаңа технологиялар туралы сөз болғанда бір мәселеге ерекше назар аудару керек. Ол бүгінгі таңдағы форматтар туралы. Қазір дыбыс пен бейнені жазудың екі стандарты кең тарап отыр. Бірінші дәстүрлі аналогтық жүйе, дыбыс табиғатын, тербелістерін ескеріп, магнитті лентаға жазу және қайта жаңғырту сияқты операциялармен шектеледі. Оның үлес салмағы қазір едәуір көп болғанымен, жыл өткен сайын азайып келеді. Аналогтық форматты цифрлық жүйелер ауыстыруда. Бұл жүйеде аналогтық сигналдардың барлығы белгілі бір алгоритм бойынша сығымдалып сақталып жазылады, соған сәйкес ойналады. Яғни олардың негізін сығымдау және кері қайта қалпына келтіру сияқты операцияларды жүзеге асыратын компьютерлік чиптер, процессорлар кұрайды.

Осыдан келіп қазіргі заманғы мамандар акустикалық сигналды табиғатына қарай екі топқа жатқызады. Музыкалық аспаптардың әуендері, ән салу, сөйлеу, сондай-ақ табиғи шулар бастапқы сигнал деп аталады да, электроакустикалық құралдарда өңделгеннен кейін екінші өзгермелі сигнал деп аталады. Компьютердегі дыбыс табиғатын, оны өңдеудің ерекшеліктерін зерттеуші А.П. Загуменнов өзінің "Компьютерная обработка звука" кітабында былай деп жазады: "Акустикалық сигнал уақытқа байланысты әр түрлі деңгейдегі тербеліс береді. Оның ең жоғары және төменгі мөлшері динамикалық диапазонды құрайды және әдетте децибелмен өлшенеді. Сонымен қатар акустикалық сигналдың спектрі табиғатынан әр түрлі болып келеді. Яғни оның импульсі өзгермелі болып келеді. Дыбыстың осындай үйлесімді тербелістерден тұратындығы компьютерлік алгоритмін жасауда ескеріледі. Аналогтық сигналды цифрға ауыстыру үш кезеңнен тұрады: іріктеу, кванттау және кодтау. Іріктеу кезінде алғашқы сигналдың дыбыс тербелістері, қуаты мен жиілігі уақыт өлшемімен бір жүйеге іріктеледі. Кванттау мен кодтау компьютердің аналогтық-цифрлық өзгерткішінің мүмкіндігіне байланысты алғашқы сигналдың табиғатын сақтап, өзгермелі диапазонын жасау және оны компьютер тіліне айналдыру болып табылады, әдетте тікелей екілік кодпен жазылады".

Бұл өте күрделі өзгермелі процесс, осы салада жүргізіліп жатқан ғылыми ізденістер сан салалы болып келеді, бірізді пікір де қалыптасып болмаған. Дыбыс табиғатын өзгертпей, қалай табиғи күйінде жеткізе аламыз деген сұраққа жауап табу қиын. Өйткені, бұл жерде субъективтілік те басым түсіп жатады, әр адам дыбысты әркелкі қабылдайды, бір талғамның болуы да мүмкін емес. Бірақ, бір нәрсе анық, қазіргі заманғы компьютерлердің қуаты мен икемділігі, дыбыс жазудың алгоритмдері мен сығымдау тәсілдері барынша жетілдірілген, қарапайым адамдардың есту қабілетін толық қанағаттандырып, дыбыс пен әуенді табиғи қалпына өте жақын күйде бере алады. Ал кейбір кәсіпқой музыканттарға ұнамаса, ол субъективті қабылдауы болса керек. Оның үстіне казіргі техникалық құралдардың деңгейі де, бағасы да әр түрлі.

Сонымен, цифрлық дыбыстың сапасы компьютерлік чипке - аналогтық-цифрлық және кері өзгерткішке байланысты. Кейбір осындай сапалы өзгерткіштер бір секундта 48000 тербеліске дейін іріктеп, кванттап, кодқа түсіреді. Бұл - өте жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты тағы бір тауқымет туындайды. Дыбыстың сапасы неғұрлым жоғары болған сайын ол компьютердің ресурстарын көп пайдаланады, сақтап қоюға көп кеңістік қажет болады. Мысалы, стерео режимінде жоғары сапалы бір минуттық музыканы жазу үшін 10 мегабайттан аса диск кеңістігі қажет екен. Осыдан келіп оны сығымдау қажеттілігі туындайды. Қазір мұның да үздік алгоритмдері түзілген, олар ұқсас тербелістерді біріктіру, адам құлағы ести бермейтін жиіліктерді алып тастау сияқты жолдармен мағлұматтарды төрт, кейде тіпті он есеге дейін қысқартып, компьютерде өңдеуді жеңілдетеді. Ал дыбыс сапасындағы өзгерісті екінің бірі аңғара да бермейді.

Дыбысты компьютерге көшірудің артықшылықтары қандай дегенде мына мәселелерге назар аударамыз:



  • цифрлы сигнал сапасын ешқашан жоймайды, өздігінен
    өзгермейді, мысалы, елу жылдан кейін де сол күйінде сақталады,
    ал аналогтық магнитті лента ұзақ сақтауға жарамайды және
    қайта көшіру кезінде сапасы, деңгейі төмендей береді;

  • компьютерде өңдеу орасан шығармашылық мүмкіндіктерге
    жол ашады;

  • көп арналы өңдеу, қосымша дыбыстармен араластыру,
    деңгейін өзгерту оңай жүзеге асырылады;

  • шу деңгейі өте төмен, аналогтық жүйеде механикалық шу, үйкелістер көп кедергі келтіретіні белгілі;

  • қашықтыққа беру мүмкіндігі өте жоғары, цифрлы әуен
    сол күйінде дүниежүзінің кез келген бұрышында ойналады, Интернетпен де жіберуге болады, ал табиғи дауысты сапалы деген телефон желісімен де екінші қашықтыққа өзгеріссіз беру мүмкін емес;

  • лазерлік технологиялармен кірігуі, СD және DVD технологиялары музыканы сақтау мен жеткізудің бүгінгі таңдағы ең үздік құралдары болып қалыптасты;

  • дыбыс режиссері мен операторы жұмыстарын едәуір жеңілдетті;

  • орасан музыкалық архивтер жасауға және оны еркін тасымалдауға мүмкіндік берді, мысалы қазір МРЗ тәсілімен миллиондаған әндер, музыкалық шығармалар таратылуда;

  • радиотарату ісін автоматгандыруға жол ашты;

- мамандардың уақытын үнемдеуі және басқалар.

Осының ішінде музыканы компьютерде өңдеудің жаңа шығармашылық мүмкіндіктеріне қысқа тоқталып өткен орынды.

А. Загуменнов бұл процестерді үш топқа бөледі: қарапайым редакциялау, дыбыс процестері және дыбыс эффектілері.

Қарапайым редакциялау кезінде дыбыс материалы компьютерде өңделіп, артық тұстары алынып тасталады, орындары ауыстырылады және басқа да монтаждаудың дағдылы міндеттері атқарылады. Мысалы, жазып алған сұхбатыңыздың кез келген тұсын кесіп алып тастайсыз, немесе орнын ауыстырасыз, қайталанған сөздерді, іркілістерді жоясыз және басқалар. Ал, абайсызда қателік жіберіп қойсаңыз кері оралып жұмысты қайта жалғастыруыңызға болады. Аналогтық лентамен жұмыс істегенде байқаусыз қиған тұсыңызды қайта қалпына келтіру тіпті де қиын.

Дыбыс процестеріне мына міндеттер жатады:


  • дыбыс тербелістерін біріктіру;

  • кері аудару, әдетте стереоэффекті қалпына келтіру үшін жасалады;

  • тербеліс деңгейлерін өзгерту, мысалы тым жоғары, қатты шыққан дыбысты төмендетеді, т.с.с;

  • тұрақты токты өзгерту;

  • қалыптандыру, дыбыс деңгейін бір дәрежеге көтеру үшін қажетті аса маңызды функция, оны қолданғанда дыбыс деңгейінің кенеттен төмендеп кетуі, бәсеңсуі болмайды, сапасына нұқсан келтірмей, бұл операция осындай ой-шұқырларды теңестіреді;

  • панораманы кеңіту, дыбыстың шекарасын, ауқымын кеңітеді;

  • жиілігін түзету, бір сапа деңгейінен екіншісіне ауыстыру, мысалы Интернетге тарату үшін жоғары сапалы дыбыс қажет емес, сондықтан оны төмен жиілікке түсіру арқылы файлдың көлемі ықшамдалады және тез тасымалдануы үшін жеңілдетіледі;

  • әр түрлі сүзгілер, олар дыбысқа қосымша реңк беру үшін қолданылады.

Дыбыс эффектілері ретінде мыналар қарастырылады:

  • сигналды тежеу;

  • тербелісі мен фазасын өзгерту;

  • дыбысталу деңгейі мен уақытын өзгерту;

  • ерекше эффектілер қолдану;

  • жаңғырық;

  • караоке және басқалар.

Компьютерде дыбысты өңдеу тәжірибесі күн өткен сайын толыға түсуде және бұл бағытта мыңдаған адамдар ізденістер жүргізіп, жаңа мүмкіндіктерді ашып, бар технологияны жетілдіруде, көптеген арнайы мектептер мен жоғары оқу орындары мамандар даярлау ісімен айналысуда. Болашағы зор нарық ретінде де қалыптасып үлгерді.

Радиотехнологиялар да бір орнында қалып қоймай күнделікті даму үстінде. Соңғы кезде ол жаңа бір технологиялық секіріс жасады. Бұған дейін радио FM диапазонына көшуіне байланысты дыбыс сапасы едәуір жақсарып, жаңа деңгейге көтерілген еді. Болашақта барлық радиохабарларын тарату цифрлы форматқа көшпекші. Бүл үрдіс шетелдерде жаппай қолға алынуда. Мұндай жағдайда цифрлы радиоқабылдағыштар арқылы қазіргіден жоғары сапалы тіпті ауқымды естілетін дыбыс сапасына қол жеткізуіміз мүмкін. Шағын ғана радиоқабылдағыш құралдар сізді қай жерде жүрмеңіз ақпаратпен қамтамасыз етіп, болып жатқан оқиғаларды, ауа райын, ақша бағамдарын біліп отырасыз, сазды музыкалық шығармаларды тыңдайсыз.

Интернет арқылы радиотаратудың да кең қолданысқа енетіндігі сөзсіз. Қазір оның екі мүмкіндігі бар. Оның біріншісі, реал-аудио яғни нақты уақытпен жер шарының кез келген нүктесіндегі әуе толқынына тарап жатқан станцияларды тыңдау. Екінші, веб-серверлерде сақталған радиохабарларын тыңдау. Оларды тікелей, болмаса өз компьютеріңізге көшіріп алып тыңдауға болады. Осыған байланысты өз радиохабарларыңды Интернет арқылы тарату қаражат шығынын талап етпейтін мол мүмкіндік ашады. Кез келген журналист, музыкант Интернетке өз хабарларын орналастырып, ешқандай радиожиілік сатып алмай-ақ, тендерге қатыспай-ақ хабар тарата алады.

Осы жұмыстарды атқаратын компьютерлік бағдарламалардың сипаты төмендегідей:

Ең көп тарағаны музыкалық редакторлар болып табылады, олар қарапайым дауыс жазудан бастап, монтаждау, жекелеген эффектілерді қолдану сияқты кең аукымды шараларды компьютерде атқаруға мүмкіндік береді. Солардың қатарында, Adobe Audition, Cool Edit, WaveLab, Sound Forge бағдарламалары кең тараған. Samplitude Master бағдарламасы көп араналы дыбыс жазуға, әр арнаны жеке өңдеуге және соның барлығын біріктіріп тұтас музыка, не хабар жасауға көмектеседі.

Көп арнаны жазудың артықшылығы әрқайсысын жеке өңдеп, сан рет өзгертуге болатындығы, ал нәтиженің басқа жолдарға әсер етпейтіндігі. Осындай тәсілмен көбіне музыкалық аранжировка жасалады, яғни музыка мен дауысты сәйкестендіру, деңгейлестіру жүзеге асырылады, минусовкалар, фонограммалар даярланады. Мұндай музыкалық құралдар MIDI редакторлар деп аталады. Оның бір мысалы, Cakewalk бағдарламасы.

Компьютерде дүниеге келген музыкалық шығарманы нотаға түсіретін арнайы Finale сияқты бағдарламалар да бар, онда компьютер өзі әуеннің ырғағын, жиіліктерін, деңгейін бағалап нота сызығына түсіреді, қағазға бастырып алуға мүмкіндік жасайды.

Сол сияқты музыкалық синтезаторлар, үлкен музыкалық қордан жаңа туынды жасауға мүмкіндік беретін бағдарламалар да бүгінгі музыканттар мен әуесқойлардың көмекшісі болып табылады. Солардың ішіндегі кең тарағаны кәдімгі Ямаха синтезаторлары.

Аналогтық көздерден, яғни магнитофондар мен грампластинкалардан музыканы көшіру кезінде пайдаланылатын өз бағдарламалары да бар. Мысалы, Diamond Cut Audio Restauration, Noise Reduction Direct X бағдарламалары осындай сапасы төмен әуендердің шуын азайтып, артық тырсылдар мен фондарды, ескі эффектілерден тазартуға көмектеседі.

Интернеттегі музыка әлеміне арналған, оларды іздеу мен табуға көмектесетін бағдарламалар қатары да көптеп саналады. Сол сияқты әр түрлі музыкалық форматтардағы әуен мен дауысты тыңдауға жол ашатын әмбебап ойнатқыштар қатары да жүздеп, мыңдап саналады. Жалпы, бұл саладағы компьютерлік бағдарламалар қатары да күн сайын өсіп, толығып, жақсарып отыратындығын естен шығаруға болмайды.



Сұрақтар:


  1. Дыбыс жазудың тарихы қандай?

  2. Дыбыстың өлшемдері туралы.

  3. Реверберация процесі жайлы түсінік, қолданылуы.

  4. Микрофонның қызметі, басты шарты.

  5. Магнитофондардың қолданылуы.

  6. Микшерлеу процесі қалай жүзеге асады?

  7. Студиялар қызметі қандай?

  8. Радиодағы шығармашылық мамандықтар.

  9. Радиоторап қызметі.

  10. Сандық технологияның радиохабарда қолданылуы.

  11. Интернет арқылы хабар тарату.

  12. Цифрлық монтаждау дегеніміз не?

  13. Редактор және режиссер міндеттері.

  14. Жүргізуші және ди-джей қызметі.

  15. Дыбыс режиссері және оператор қызметтері.

  16. Радио үйі, ондағы қызметкерлер міндеттері.



Әдебиеттер:


  1. Андроников И. Слово написонное и сказанное. – М., 1965.

  2. Әуе толқынында – Қазақ радиосы. – Алматы, 2001.

  3. Выходец А. Справочник по радиовещанию. – М., 1981.

  4. Исакович А. Общая акустика. М., 1973.

  5. Кабылғазина К. Дәуір үні. – Алматы, 2002.

  6. Основы радиожурналистики. – М., 1984.

1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23


База данных защищена авторским правом ©bezogr.ru 2016
обратиться к администрации

    Главная страница