Батыс Қазақстан облысы бойынша 2016 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер тізбегі



страница4/10
Дата03.05.2016
Размер1.59 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

22 шілде БАЙМҰҚАШЕВ ЮРИЙ

туғанына 75 жыл (1941)


Мүсінші Баймұқашев Юрий Дүйсенғалиұлы 1941 жылы 22 шілдеде Зеленов ауданының Дарьинск ауылында дүниеге келген. 1959 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Саратов көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, 1964 жылы мүсінші бөлімін бітіріп шығады. Оқуын аяқтағаннан кейін әскер қатарына шақырылады. Әскерден келгенген кейін Ростов көркемсурет қорына мүсінші болып жұмысқа орналасады, көрмелерге және конкурстарға белсенді қатысып тұрады.

Юрий Баймұқашев – танымал адамдарға орнатылған облыс көлеміндегі көптеген көрнекті мүсіндік ескерткіштердің авторы. Оның белгілі жұмыстары – Орал қаласындағы Абай Құнанбайұлы, Темір Масин, Сәкен Сейфуллин, Әбдірахман Әйтиев, Жәңгір хан, Ғарифолла Құрманғалиев, Қаратөбе ауданының Саралжын ауылындағы Мұхит Мерәліұлы, Ақжайық ауданының Құрайлысай ауылындағы Жұбан Молдағалиев ескерткіштері.

2001 жылы 10 желтоқсанда «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Баймұқашев Юрий: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-170 б.

2 тамыз МЕРӘЛІҰЛЫ МҰХИТ

туғанына 175 жыл (1841-1918)


Халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) Мерәліұлы 1841 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ауқатты отбасынан шыққан. Мұхиттың туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіптер шетінен өнерпаз (әнші, күйші әрі скрипка да тартқан) адамдар болған. Өмірін өнер жолына арнаған тек Мұхит болды. Ол ел ішіндегі той-жиындарда, ұлан-асыр жәрмеңкелерде, қан базарларда домбыра тартып, ән салды. Орынбор, Қостанай, Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау облыстарын аралап, әнші даңқы шықты: "Әнші Мұхит", "сал Мұхит" атанды.

Мұхит уақыт, қоғам, өмір туралы "Дүние-ай", "Зәуреш" әндерін толғады. "Паң көйлек", "Қыпшақ", "Дөң асқан", "Кербез" әндері Мұхиттың әншілік өнерінің сан-қырлы, жаратылысын, табиғатын ашады. Ойлы да қуатты, асқақ, бірде даланың жібек самалы боп желпіген нәзік, сырлы, мөлдір лиризмге тұнған әндерін асқан шеберлікпен орындай жүріп, өзінің әншілік дәстүрін жасады. Мұхит сұлу ат мініп, сәнді киінді; қасына ойыншы, саятшы, палуан, зергер, жыршы, күйшілерді ертіп жүрді; шәкірттері көп болды. Мұхит тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды. Ол Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың бір күйін Затаевич нотаға түсірген. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары - Шоң мен Нәу; немерелері - Шайқы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Мұхит әндерін орындаушылық дәстүрін ілгері дамытып, халықарасына насихаттаушы - Ғ. Құрманғалиев, Т. Ибрагимова, Н. Әбілова, т.б. Мұхит әндері жеке жинақ болып басылып, оның шығармашылығы туралы зерттеулер де жазылды. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармашылығында кеңінен пайдаланды. Мұхиттың "Алуаш" әнін Е.Г. Брусиловский "Жалбыр", "Үлкен Оразын", "Қыз Жібек", "Дүние-ай" әнін "Ер Тарғын" операларында пайдаланды. Б.Г. Ерзакович "Айнамкөз" әнін өзінің ішекті аспаптар квартетіне ал "Зәуреш" әнін Л.М. Шаргородский мен С.И. Шабельский "Симфоньеттасына" тақырып етіп алды. 1918 жылы туған жерінде көз жұмды.



ӘДЕБИЕТТЕР

1.Құттымұратұлы Қ. Мұхит әні микрофонға сыймайды // Жас Алаш.-

2001.-26 маусым.

2.Қыдырниязова Ш. Жүкті жұмыла көтерсек... // Орал өңірі.-2003.-20

мамыр.

3.Мәжитов М. Ақбақайдағы ән: [әнші, композитор Мұхит Мерәліұлы

туралы] // Жұлдыз.- 2012.- №2.-121-134 б.

4.Мәулен Ә. "Рухым сенген менің қайта жанар": [Мұхит Мерәліыұлы] //

Айқын.- 2011.- 23 сәуір.-5 б.

5.Мүталапханқызы С. Мұхит асқан Мұхит әні...немесе біз

асылдарымызды ардақтай білеміз бе?: [Мұхит Мерәліұлы] // Қазақстан

әйелдері.- 2013.-№2.-11-13 б.

6.Набиоллаұлы Н. Алуаш: [Мұхиттың «Алуаш» әнінің шығу тарихы] //

Орал өңірі.-2014.-14 қаңтар.-8 б.

7.Хасанов Қ. Дала бұлбұлы: [әнші-композитор Мұхит Мерәліұлының

туғанына -170 жыл] // Орал өңірі.- 2011.- 17 мамыр.-6 б.

6 қыркүйек ШӘМЕЛОВ ТҰЯҚБЕРДІ

туғанына 65 жыл (1951-2012)




Күйші Тұяқберді Шәмелов 1951 жылы 6 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданына қарасты Саралжын ауылында дүниеге келген. Тұяқберді Алматы музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Оның орындаушылық репертуарында қазақ халық композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Сейтек, Мәменнің күйлері кеңінен орын алды.

Тұяқберді Шәмелов 1970 жылдан бастап Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі құрамында домбырашылықтан концертмейстер, жеке орындаушыға дейін көтерілді. Жиырма жасқа толмаған Тұяқберді еңбек жолын ерте бастады. Алматы мемлекеттік консерваториясында оқып жүріп, еліміздегі бас оркестр құрамында қызмет етті. Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров сынды талант иелерінің шәкірті атанды. Ұстазы белгілі күйші Қали Жантілеуов шәкірті жайында былай деп пікір қалдырған: «Күй өнерінде оны ешкім кеміте алмайды, Тұяқ - шебер күйші. Күйді түсініп орындайды. Мен оны мұрагерім деп санап, батамды бердім».

Тұяқберді Шәмелов Құрманғазы атындағы оркестрде қырық жылдан астам уақыт қызмет етті. Оркестр құрамында әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсеткен. Жеке орындаушы ретінде Франция, Италия, Қытай, Ауғанстан сынды шет елдерде қазақ халқының музыка өнерін әлем жұртшылығына таныстырды. Қазақ ауылдарын аралап, қазақтың күйшілік өнерін халқымен қайта қауыштырды. Тұяқберді - Мәмен күйшінің мектебін жалғастырушылардың бірі. Оның Мәмен күйшінің өмірі жайында білгені көп болған. Сонымен қатар, қазақ күйінің жауһарлары Тұяқберді Шәмеловтің тамаша орындауында күйтабаққа жазылған.

  Тілеуұлы Мөңке бидің төрт күйін тауып, оның табиғаты мен тарихын зерттеп, нотаға түсірді. Қазақтың күй мұрасын жаңа жәдігерлермен толықтырды.

Тұяқберді Шәмеловтің өзі шығарған әндері де бір төбе. Оның Қадыр Мырза Әлінің «Домбыра», Ә. Асылбековтің «Ауылымды сағындым» сөзіне шығарған әндері халық арасында кең танымал.

Қазақ ақыны Қадыр Мырза Әлі күйші жайлы: «Тұяқберді Шәмелов өзінің талғампаз талабы мен табиғи таланты арқасында өнер өлкесіндегі алғашқы қадамынан бастап-ақ білгір мамандардың назарына ілігіп, қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Бүгінде ол Қазақстан көлеміндегі күйшілік өнер саласында өзіндік қолтаңбасымен, орындаушылық шеберлігімен танылған дарабоз күйшілеріміздің бірі» - деген.

Әбіш Кекілбаев оның күйшілігін: «Құрманғазының өн бойы драмаға толы, дүбірлете ойнайтын күйін лирикаға айналдыра отырып, сазымен жеткізе біледі» - деп жоғары бағалады.

Тұяқберді Шәмелов өмірінің соңғы жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

2012 жылы 30 қыркүйек күні 61 жасқа толған шағында Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмелов Оралда дүниеден өтті.



ӘДЕБИЕТТЕР

1.Дарабоз талант иесі // Жайық үні.-2001.-25 қазан.

2.Дауешов Н. Аға туралы естелік // Орал өңірі.-2013.-26 қыркүйек.-16 б.

3.Зинуллин Қ. Күйші рухына құрмет // Орал өңірі.-2013.-1 қазан.-3 б.

4.Қарабалина С. Киелі домбырасын серік еткен // Жайық үні.-2013.-29

тамыз.-12 б.

5.Қыстаубаев Е. «Батыс өңірі күйдің туын тіккен жер» // Орал өңірі.-

2000.-25 қараша.

6.Тайшабаев К. Мың тұяқтың дүбірі – бір Тұяқтың саусағы... // Алматы

ақшамы.-2002.-18 мамыр.

7.Тұяқберді Шәмелов: «Домбыра арқылы жылу сұраудан аулақпын» //

Орал өңірі.-2004.-27 шілде.

29 қыркүйек ХАСАНОВ МАРАТ

туғанына 75 жыл (1941)


Ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Хасанов Марат Шамұратұлы 1941 жылы 29 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданының Ермольчево ауылында дүниеге келген.

1970 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін және 1974 жылы аспирантурасын бітірген. 1970-71 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтында ассистент, 1975-95 жылдары ҚазҰУ-да ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, 1995-97 жылдары ҚР Мемлекеттік аттестациялық комитеті төрағасының орынбасары, 1997-2000 жылдары ҚР Ғылым министрлігінің ҒА-да Ғылыми кадрларды аттестациялау департаменті директорының орынбасары, 2000-2003 жылдары ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі, 2003-2005 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі «Бөбек» ұлттық қорының «Адамның дамуы» институтының директоры қызметтерін атқарды.

2001 жылдан «Еуразия» журналының бас редакторы, 2005 жылдан ҚазҰУ-дың профессоры. 1987 жылы «Целое часть как категории материалистической концепции развития» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Негізгі ғылыми бағыты – диалектиканың, жаратылыстанудың философия мәселелеріне, ғылым логикасы мен әдістемесін зерттеу. 80-нен астам ғылыми жарияланым, 2 монографияның авторы.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Хасанов Марат: өмірдерек // Қазақстан ғалымдары: энциклопедилық

анықтамалық.-Алматы, 2013.-501 б.

2.Хасанов Марат: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-

Алматы, 2010.-515 б.

Қыркүйек БОРИСЮК АЛЕКСАНДР

туғанына 95 жыл (1921-1945)




Александр Евстафьевич Борисюк 1921 жыл­дың қыркүйек айында Тула облысына қарасты Белёв қаласында дүниеге келген. 1925 жылы болашақ батыр­дың отбасы Батыс Қазақстан облысының Зеле­нов ауданына қарасты Сереб­ряков ауылына ( қазір бұл елді мекен Орал қаласына қарайды) көшіп келеді де, өзі осында 8-ші сыныпты бітіреді.

Қызыл әскер қатарына 1940 жылы алынған Александр Бори­сюк 1941 жылдың қыркүйегі­нен бастап Ленинград майданында соғысады. Ол әскери өнерді шебер меңгерген минометші ретінде көзге тү­сіп, жаудың оқ борат­қан бірнеше ондаған нүктесін жойды. 588-ші ат­қыштар полкі­не қарасты миномет взводының командирі (23-армияның 124-атқыштар дивизиясы) аға сержант А.Е.Борисюк 1944 жылы шілденің 9-ында Карел мойнағындағы Барышев елді мекенінің тұсында Вуокс өзенінен өтер­де жанқиярлық ерлігімен көзге түсті.

...Жау жағы оқ жаудырып жатқанына қарамастан кеңес жауынгерлері таң ата өзеннен өтуге кірісті. Тура жандарынан жарылған снаряд қайықты жарамсыз қылып, бірнеше сарбазды жаралады. Осындай қиын жағдайда да командир Александр Борисюк сарбаздарды соңынан ертіп, жаралыларды құтқара отырып, жау бекінген арғы жағалауға шығып, қолдағы қару-жарақтың бәрін іске қосты. Мұндай әрекет жаяу әскердің алға жылжуына жол ашты. Әр қарыс қадам жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыспен алынды. Борисюк жау пулеметінің үнін өшіріп, дұшпан тран­шея­сына да бірінші болып кіріп, қолма-қол ұрыс бастады. Жау өліспей беріспей тың күш тартып, минометшілерді кейін тықсыруға тырысты. Екі тәулік бойы үзілмеген ұрыстағы кеңес жауынгерлерінің жау шебіне бойлай енген табандылығының нәтижесінде Кеңес әскерінің басқа бөлімдеріне өзеннен өтуге мүмкіндік туды. Жаудың алты қарымта шабуылы тойтарылып, жетіншісінде гитлершілдер өлермендікпен алға ұмтылды. Бірақ Борисюк дереу қолға түскен жау минометін іске қосып, енді дұшпанды өздерінің қаруымен құртуға кірісті. Бұл полктің жау бекінісін біржо­ла талқандауына жағдай туғызды. Бі­рақ ержүрек жауынгер түбегейлі жеңіс­ті көре алмай кетті. Ол 1945 жылғы ақпанның 15-інде оққа ұшып, Грудзендз (Польша) қаласының солтүстік шыға берісінде жерленді.

Александр Борисюкке 1945 жылғы наурыздың 24-інде  Кеңес Одағы­ның Батыры атағы берілді. Сондай-ақ ол Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендеріне қоса, медальдармен де марапатталған.

Серебряков ауылында батырдың атында көше бар, оның есімі осы кенттегі қаза тапқан батырларға қойылған ескерткіште қашалып жазылған.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Борисюк Александр: өмірдерек // Совет Одағының Қазақстандық

Батырлары.-Алматы: Қазақстан, 1969.-Т.1.-137-138 б.

2.Борисюк Александр: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке,

2005.-12 б.

3.Борисюк Александр: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-195 б.

4.Борисюк Александр: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының

Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-48-49 б.

5.Борисюк Александр: өмірдерек // Жеңімпаздар-Победители.-Орал, 2010.-

13 б.

6.Зеленовтық Кеңес одағының Батырлары: [Александр Борисюк туралы]

// Ауыл тынысы.- 2010.-7 мамыр.-2 б.

7.Ол Ленинградты қорғады: [Кеңес Одағының Батыры А. Борисюктің

ерлігі жайында] // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-11-12 б.

8.Керімов А. От ішінде өткел жоқ // Орал өңірі.-1985.-25 сәуір.

13 қазан ЖОЛАМАНОВ МҰРАТБЕК

туғанына 50 жыл (1966-2000)


Суретші Мұратбек Тауфиқұлы Жоламанов 1966 жылы 13 қазанда Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген. 1985-1988 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училещесінің көркемсурет-безендіру бөлімінде оқыған. 1990 жылы Алматы көркемсурет училищесінің живопись бөлімін үздік бітірген.

1991 жылы Сырым Датұлының 250 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында өткен республикалық конкурста «Сырым батыр» атты портреті жүлделі орын алды. 1991-1996 жылдары Алматы театр, кино және көркемсурет институтында оқып бітірген. «Хан көтеру» атты дипломдық жұмысы ең үздік картина ретінде бағаланып, сол институттың қорында, ал өзі сонда қызметке қалдырылған. Мұратбек Жоламанов институт жанынан Қазақстан жас суретшілер ұйымын құруға жетекшілік етті. Көптеген сурет көрмелеріне қатысқан. Денсаулығына байланысты 1997 жылы елге оралды. Тұңғыш жеке көрмесі 1999 жылы Орал қаласында өтті.

Мұратбек Жоламановтың артында «Құлагер», «Рух шақыру», «Еділ-Жайық», «Күлтегін мен Білге туралы жыр»,«Сарын», «Қазанат», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі», «Керей-Жәнібек», «Жаман ырым немесе қағанатгың құлауы», «Қызғыш құс», «Жекпе-жек», «Аттиланың елесі», т.б. картиналары қалды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Әлібек Ә. Мұратбектің мұңлы кеші // Жайық үні.-2010.-6 мамыр.-10 б.

2.Жоламанов Мұратбек: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-285-286 б.

3.Жасқалиева Б. «Мен суретті өлмеу үшін саламын // Егемен Қазақстан.-

2004.-7 тамыз.

4.Құлагер-көрме // Айна.-2010.-13 мамыр.-12 б.

5.Құттымұратұлы Қ. Құлагер тағдырлы суретші // Жас Алаш.-2000.-23

мамыр.

6.Мұратбекпен мұңдасу // Айна.-2010.-22 сәуір.-12-13 б.

7.Смағұлова Т. Иең қайда, Ақбоз ат? // Алтын орда.-2003.-16-22 мамыр.

8.Шамұратова Ж. Жасын – ғұмыр // Орал өңірі.-2004.-14 желтоқсан.


14 қазан ЕРҒАЛИЕВ ХАМИТ

туғанына 100 жыл (1916-1997)


Ақын, Қазақстаннын Халық Жазушысы Хамит Ерғали 1916 жылы Атырау облысының Новобогат ауылында дүниеге келген.  Бала кезінен-  ақ тоталитарлық қысымды да көрді. 1937 жылы халық  жауының баласы деген айдармен және Сәкен Сейфуллинге хат  жазғаны үшін    Орал педрабфактан шығарылды. 1939 жылы  Мемлекеттік С.Киров  атындағы университетіне (қазір Әл-Фараби  атындағы Ұлттық  университеті) түсті, бірақ әскерге алынуына  байланысты оқуды  тамамдай алмады. 1940-шы жылдың маусым  айынан бастап әскерге  шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғысқа  қатысты. 1945 жылы қатты  жарақаттанып Алматыға қайтты.

1945 мен 1950 жылдар аралығында «Социалистік Қазақстан»  газетінің қызметкері, 1959 жылға дейін Жазушылар Одағының әдеби  консультанты және «Жазушы» баспасының бөлім меңгерушісі болып  қызмет атқарды.

1959 жылы толығымен шығармашылық жұмысқа ауысты. Хамит Ерғалиев отыздан астам жинақтардың авторы болып табылады. Қазақ әдебиетінің тарихында эпик ақын ретінде қалды. Атап айтсақ, қалың жұртшылықтың көңілінен шыққан «Әке сыры», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты түн» поэмалары, «Құрманғазы» романы және басқа көркем шығармалары еліміздің әр кезеңдегі өмір тынысын ғажап суреттеп берді.

1982 жылы «Алтын зерең» атты кітабы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды, ал 1986 жылы оған Қазақстанның Халық жазушысы құрметті атағын алды.

Сонымен бірге Хамит Ерғалиев дүниежүзілік  поэзиясының аудармашысы ретінде В. Шекспирдің сонеттері мен пьесаларын, Д. Байронның, А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Н. Некрасовтың, Ш. Петефидің, Р. Ғамзатовтың өлеңдерін, қарақалпақ эпосы «Қырық қызын», қырғыз эпосы «Манас» үлгілерін қазақ тіліне тамаша аударды. 1996 жылы В. Шекспирдің сонеттерін туған тіліне аударғаны үшін ол Великобританияның Ұлы Мәртебелі Елизавета королеваның алғыс хатын алды.

Хамит Ерғалиев қазақ поэзиясының реформаторы деп толығымен айтуға болады. Оның өлең құрастыру формасын байыту жолындағы табыстарын көптеген шәкірттері меңгеріп келеді. Ал қазақ әдебиетінде бұрын тіпті болмаған жанрды – сонеттерді енгізу жолында Хамит Ерғалиевтің еңбегі ұлан-ғайыр. «Сонеттер» деп аталатын жинағы бұл күнде қазақ әдебиетінің таптырмайтын інжу-маржаны болды. Ақынның сарқылмайтын шабытының күәсі – соңғы екі жылда жазып шығарған төрт кітабы.

Хамит Ерғалиевтің сырлас достарының арасында шет елдерде мәлім, орыс Я. Смеляков, Е. Винокуров, М. Львов, В. Савельев, Т. Кузовлева, қырғыз К. Маликов, өзбек Ғ. Гулям, Мирмухсин, украин Я. Стельмах, тәжік Мирзо Турсын-заде сияқты ақын-жазушылар бар болатын.

Хамит Ерғалиевтің шығармашылығы туралы көптеген мақалалар жарық көрді, екі кандидаттық еңбек қорғалды.

1997 жылы 13-ші желтоқсан күні Хамит Ерғалиев көз жұмды.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Дәлелұлы Т. Сөйлейтін қызыл шоқты шайнап алып... // Ана тілі.-2006.-19

қазан.-7 б.

2.Жақсыбаев А. Хамаң // Егемен Қазақстан.-2009.-31 наурыз.-5 б.

3.Иманасов С. Қазақ поэзиясының патриархы // Әдебиет айдыны.-2006.-2

қараша.-4-5 б.

4.Қадырбаева Г. Ерғалиевтің эпитеттері // Ақиқат.-2008.-№6.-86-88 б.

5.Нәріков А. Бұл былай болған еді // Орал өңірі.-2007.-22 қыркүйек.-4 б.

6.Оразақын А. Халықтың Хамиті // Қазақ әдебиеті.-2006.-3 қараша.-4 б.

7.Оразалин Н. Жыр – жүрегі тоқтау білмеген // Әдебиет айдыны.-2006.-2

қараша.-6-7 б.


1 қараша ЖҰМАНИЯЗОВ БАЗАРБАЙ

туғанына 80 жыл (1936)


Көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның Халық артисі, профессор Базарбай Сағадиұлы Жұманиязов 1936 жылы 1 қарашада Бөкей орда ауданы, Орда ауылында дүниеге келген. Орда ауданындағы орта мектептің 7-класын бітірген соң, 1951-1955 жылдары Орал педагогикалық училищесінде, 1956-1958 жылдары Абай атындағы академиялық Опера және балет театрының жанындағы хор студиясында оқыған.

1965 жылы Алматы консерваториясын бітірген. 1964-1965 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында, 1965-1966 жылдары «Мектеп» баспасында музыка редакциясын басқарған. 1966 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық жұмыспен шұғылданды.

1973-1984 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының 2-хатшысы, КСРО Композиторлар одағы Басқармасының мүшесі, 1984-1987 жылдары Академиялық Опера және балет театрының директоры, 1991-1998 жылдары Композиторлар одағының бірінші хатшысы болып істеген.

1968 жылы Базарбай Жұманиязовтың тұңғыш музыкалық шығармасы – «Жер» ораториясы жазылды. Сондай-ақ оның «Махамбет» операсы (1990), «Отан туралы кантата» (1972), «Еңбек даңқы» (1974), «Отан салтанаты (1974), «Мерекелік шеру» (1980), «Достық» (1980), «Кең байтақ Отаным менің (1988) кантаталары; «Халқым туралы ән» (1969), «Кек әні» (1978), «1731» атты вокальды-симфониялық поэмалары; «Дала» (1976) симфониялық картинасы; «Қуаныш» (1980) симфониялық күйі; симфониялық оркестрге арналған екі сюитасы (1985, 1987); «Айтыс» (1972) атты вокальды-хореографиялық композициясы, «Ақырзаман жастары» (Абай сөзіне, 1995), «Жамбыл тойы – ел тойы» (К. Салықов сөзіне, 1996), «Жамбыл-Құлмамбет» (Т. Молдағалиев, 1996) кантаталары көптеген ән, романстары бар.

Сондай-ақ ол 10 спектакль мен 18 кинофильмге музыка жазды. Базарбай Жұманиязов шығармалары аса жоғары көркемдік сапасымен, кәсіби шеберлігімен, ұлттық үн-нақышымен ерекшеленеді. Базарбай Жұманиязов 1986 жылы «Халықтар достығы» және 1999 жылы «Парасат» ордендерімен марапатталған.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Байділдаұлы Ө. Саз саңлағы // Егемен Қазақстан.-1996.-26 желтоқсан.

2.Қажым Л. Талантты композитор елімен қауышты // Жайық үні.-2012.-

25 қазан.-12 б.

3.Набиоллаұлы Н. Өнер тарланына құрмет // Орал өңірі.-2012.-20 қазан.-

4б.

4.Сазгер туған топырағында // Орал өңірі.-2006.-12 қазан.-2 б.

5.Самиғоллаұлы Ғ. Көңіл биігіндегі ән // Орал өңірі.-1996.-7 қараша.

6.Тұрсынбаев Ж. Шеберлік шеңбері // Егемен Қазақстан.-1996.-26

желтоқсан.

7.Хамзақызы М. Ел жұртын жырға бөледі // Жайық үні.-1996.-21 қараша.

8.Шүйіншәлиева М. «Жайығым жанымды жадыратты...» // Орал өңірі.-

2006.-2 қараша.-4 б.

9.Шүйіншәлиева М.» Туған жер, қасиетіңнен айналайын...» // Орал өңірі.-

2001.-14 тамыз.


1 қараша ОРАЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ

ашылғанына 100 жыл (1916)


Облыстағы орта кәсіптік білім беретін оқу орны медициналық колледжі 1916 жылы 1 қарашада Орал қаласында фельдшерлік-акушерлік мектеп ретінде ашылған. Оқу мерзімі 4 жыл болған. Оны ұйымдастырушы әрі алғашқы директоры обаға қарсы күрес маманы, дәрігер Г. И. Кольцов.

1919-20 жылдары мектеп жанынан әскери мейірбикелерді қысқа мерзімде даярлау курстары ашылды. Олар Орал губерниясының уездеріне шешекке қарсы дәрі егу және Чапаев дивизиясына емшілік жәрдем беру үшін жедел аттандырылды. Осы кезеңдерде мектепті жыл сайын 26-28 адам бітірген. 1923 жылы 14 мамырда БОАҚ шешімімен мектеп Орынбор қаласына көшіріледі, жергілікті мектеппен біріктірліп, Қазақ өлкелік медицина техникумы аталады.

1929 жылы тамызда техникум Орал қаласына қайтып оралады. 1935 жылы медициналық техникум фельдшерлік-акушерлік мектепке айналды. 1941 жылы оның құрамына жергілікті фельдшерлік-тіс емдеу мектебі қосылды. 1954 жылы ол Орал медициналық училищесі, 1991 жылы Батыс Қазақстан медициналық училищесі аталды. 1999 жылдан Батыс Қазақстан медициналық колледжі мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны. Колледж түлектерінің арасында республика жұртшылығына, шетелге танымал ғалымдар шықты. Қазақстан ҒА-ның академигі, КСРО МҒА-ның корреспондент мүшесі, белгілі вирусолог Х. Жұматов, КСРО және Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі, Қазақстанның және Қарақалпақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, белгілі эпидемиолог И. Қарақұлов, Ресей Халықтар Достығы университетінің профессоры, Мәскеудегі 1945 жылғы және 1985 жылғы Жеңіс парадына қатысушы майдангер Н. А. Тюрин, Алматы медициналық институтының профессоры, медицина ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Р. Ғ. Илешова, т.б.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Медициналық колледж тарихы // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-388 б.

2.Медколледж мамандары бас қосты // Орал өңірі.-2007.-2 маусым.-3 б.

3.Мұратұлы С. «Колледжден мәдениеттілікті үйрендім» // Айна.-2010.-18

наурыз.-10 б.

4.Смағұлова Т. Дәрігерлердің қолғанаты // Орал өңірі.-2006.-11 маусым.-

2 б.

5.Хамзақызы М. Колледж тарихынан // Орал өңірі.-2003.-5 маусым.-5 б.

6.Шүйіншәлиева М. Сексеннің сеңгіріндегі колледж: Батыс Қазақстан

медициналық колледж тарихы // Орал өңірі.-2002.-10 желтоқсан.-7 б.
і

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


База данных защищена авторским правом ©bezogr.ru 2016
обратиться к администрации

    Главная страница