Батыс Қазақстан облысы бойынша 2016 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер тізбегі



страница3/10
Дата03.05.2016
Размер1.59 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

21 наурыз ӘЙТИЕВ ӘБДІРАХМАН

туғанына 130 жыл (1886-1936)


Әбдірахман Әйтиев 1886 жылы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданының Сүгірбай ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан ауыртпалықпен мұқтаждықты басынан кешіріп, байларға жалданды, от жақты.

Білімге құмарланған ол бір класты Қараоба орыс-қазақ мектебін бітіріп, оқи және жаза алатын дәрежеге жетеді. Ілкіге аудармашы, кейін Орал қаласындағы соттың аға іс жүргізуші болып істейді, сосын Қараоба облыстық басқармасында көшірмешілік қызмет атқарады. 1905-1907 жылдардағы революциялық оқиғалар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі патшаның өктемдігін жоюды үміт еткен Әбдірахманның көзқарасына, дүние танымына әсерін тигізбей қалған жоқ.

1917 жылы Әбдірахман әуелі Қараоба болысында, кейін Орал губерниясының басқа болыстарында Советтерді құруға белсенді қатысады. 1918 жылы ол Советтердің Орал облыстық атқару комитеті председателінің орынбасары болып сайланды.

1918 жылы наурыздың 28-інен 29-на қараған түнде ақ казактар үкіметі алашордашылармен бірігіп, контрреволюциялық төңкеріс жасады. Орал қаласында көптеген мүшелері тұтқынға алынды, Әйтиев қашып құтылды.

1919 жылдың қаңтарында Орал қаласы азат етілгеннен кейін революциялық комитеттің жанынан ұлттар істері жөніндегі коллегия құрылды, оның құрамына Әбдірахман Әйтиев кірді.

1919-1920 жылдары 25 дивизияның саяси жетекшісі, Орал ревкомы ұлттық коллегиясының мүшесі, Ілбішін уезінің ревкомының председателі, Орал төтенше комиссиясы мен 22 атқыштар дивизиясының ерекше бөлімі басшыларының бірі.

Әбдірахман Әйтиевтің қазақ республикасының тұңғыш конституциясының жобасын жасау жөніндегі сіңірген еңбегі зор. Ол Конституция жобасын жасау жөніндегі комиссияны басқарды. Әйтиев Советтердің бүкіл қазақстандық құрылтай сьезін (1920) өткізуге белсене қатысты, Қазақ АССР ішкі істер Халкомы Ақмола губревкомының председателі болды.

Халықтың адал ұлы Әбдірахман Әйтиев 1936 жылы қайтыс болды.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Әйтиев Әбдірахман: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2002.-161-162 б.

2.Адырбекұлы К. Тұңғыш Ішкі істер халық комиссары Әбдірахман

Әйтиев // Түркістан.-2007.-31 мамыр.

3. Көлбаев Т., Әйтиева Р. Әбдірахман Әйтиев – ерлік пен қасіретке толы

өмір.-Алматы, 2006.-320 б.

30 наурыз ЫҚСАНОВ МҰСТАХЫМ

туғанына 90 жыл (1926-1991)


Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Біләлұлы Ықсанов 1926 жылы 30 наурызда Жәнібек ауданының Борсы ауылында дүниеге келген. Алматы темір жол техникумын, Қазақ ауыл шаруашылық институтының гидротехникалық факультетін бітірген. Алматы қаласы Фрунзе ауданы комсомол комитетінің хатшысы, Жетісай құрылыс басқармасының прорабы, өндірістік техникалық бөлімінің бастығы, бас инженері, басқарма бастығы қызметтерін атқарған.

1958-1961 жылдары Қазақтың Бетпақдала иррегация құрылысы тресінің бастығы болды. 1961-62 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичев ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен осы облыстың өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1963-71 жылдары Қызылорда, Жамбыл облыстарында партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Министерлер Кеңесінің төрағасының орынбасары, 1971-75 жылдары Қазақстан КПОК-нің хатшысы болды.

1975-86 жылдары Батыс Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Осы жылдарда ол облыс экономикасы мен мәдениетін арттыруда, әсіресе күрделі құрылысты дамытуда, сан алуан шаруашылық, оқу-ағарту, денсаулық, мәдениет салаларын дамытуға үлес қосты. Ленин, Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Көрнекті мемлекет қайраткері М. Ықсанов атында Орал қаласында ұжымдық шаруашылық бар. Қаладағы Дмитриев көшесіндегі ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. 2001 жылы облыс орталығындағы №36 мектеп ауласында оған ескерткіш қойылып, сол мектепке аты берілді.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Айдаров Д. Абзал азамат // Ақиқат.-1996.-№3.-56-59 б.

2.Ақбаев Ж. Елге сіңірген еңбегі көп // Орал өңірі.-1996.-27 қаңтар.

3.Ақышева С. Тағзым мен тағлым // Орал өңірі.-2001.-29 наурыз.

4.Құсайынов Т. Бітімі бөлек тұлға // Егемен Қазақстан.-1996.-15 ақпан.

5.Мұстахым Ықсанов / Құраст. Ж. Ақбаев.-Чапаев, 1996.-70 б.

6.Мұхамбетәлиев Х. Туған ел перзенті // Жайық үні.-2001.-23 қараша.

7.Ұлы тұлға: жинақ.-Орал: Ағартушы, 2011.-140 б.

8.Ықсанов Мұстахым: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-535 б.

6 сәуір РАМАЕВ ҒАЯЗ

туғанына 95 жыл (1921-1943)


Ғаяз Рамаев 1921 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылған, шекара әскерлері қатарында қызмет атқарған. 1942 жылдың шілдесінен бастап майдандағы армияда, әртүрлі қиян-кескі шайқастарға қатысты.

1943 жылдың 26 қаңтарында Верхняя Елшанка селосын азат ету кезіндегі шайқаста Ғаяз Рамаев барлаушылар тобымен бірге жаудың бірнеше атыс орындарын жояды. Ол осы ұрыста ерлікпен қаза тапты.

1944 жылдың 10 қаңтарында Ғаяз Рамаевқа қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин, Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ғаяз Рамаев Волгоградтағы Мамай қорғаны бауырластар зиратында жерленген. Саратов қаласындағы бір көшеге батырдың аты берілген.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Мұратов И. Қамал бұзған қаһарман: Ақ Жайық өңірінің Батыры Ғаяз

Рамаев жөнінде // Орал өңірі.-1985.-20 сәуір.

2.Рамаев Ғаяз: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-

38 б.

3.Рамаев Ғаяз: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-

Алматы: Өнер, 2010.- 203 б.

4.Рамаев Ғаяз: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-

Алматы: Арыс, 2010.-448 б.

10 сәуір ХАСАНОВ ҚҰБАЙДОЛЛА

туғанына 70 жыл (1946)


Суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құбайдолла Хамзаұлы Хасанов 1946 жылы 10 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданының Петров елді мекенінде дүниеге келген. 1966 жылы Январцев орта мектебін, 1972 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.

1981-1982 жылдары Алматы қаласында өткен республикалық сурет көрмесінің лауреаты. «Жәңгір хан» картинасы үшін 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталған. Жұмыстарын негізінен бейнелеу өнерінің графика бағытында орындайды.

БҚО тарихи-өлкетану музейінде суретшінің бірнеше графикалық, сондай-ақ кескіндемелік жұмыстары сақталған.

Соңғы 10-15 жылда спортпен дендеп айналысқан оның халықаралық жарыстардан алған көптеген марапаттаулары бар.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Хасанов Құбайдолла: өмірдерек // Жазира Жайық: Батыс Қазақстан

суретшілері.-Орал, 2010.-172 б.

2.Хасанов Құбайдолла: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-515 б.
15 сәуір БӨКЕЙХАНОВ ҒАБДОЛ-ХАКІМ

туғанына 120 жыл (1896-1938)


Мемлекет қайраткері, күйші Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы 1896 жылы 15 сәуірде Бөкей орда ауданында дүниеге келген. Ордада 4 кластық мектепті, Орал қаласындағы реалдық әскер училищесін бітірді, 1917 жылы Мәскеудің ауыл шаруашылық академиясында оқыды. 1920 жылы Орынборда алғашқы ұлттық үкімет – Қазревкомның мүшесі, ҚазОАК-тің жауапты хатшысы, 1921 жылы Ақмола, Семей губерниялық атқару комитеттерінің төрағасы.

1926-37 жылдары Орынборда, Қызылордада Жерге орналастыру басқармасының бастығы, Нүкісте Қарақалпақ облыстық жоспарлау комитетінің, Алматыда Қазақ мақта комитетінің төрағасы, Шымкентте мақта-трактор орталығының, облыстық жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

Әбілқайыр хан әулетінен шыққан дарынды домбырашылардың бірі. А. Затаевичке ондаған күй мен әндерді өз орындауында нотаға жаздырды. Этнографтың «Қазақ халқының 1000 әнін» қабылдау комиссиясы құрамындағы үш адамның бірі болды. Туған ағасы, Құрманғазы оркестрін құрушылардың бірі, атақты күйші М. Бөкейханов екеуі 1937 жылы «халық жауы» жаласымен тұтқындалды. Зиянкестік ұйымға қатысушы, М. Шоқаймен байланысты, С. Сәдуақасов тобының мүшесі» деген күнәмен 1938 жылы 25 ақпанда атышулы «Горячев тізімі» бойынша С. Сейфуллин, Қ. Жұбанов, Т. Жүргенов, С. Меңдешев, Ғ. Тоғжанов, С. Аспандияров секілді 39 ұлт қайраткерімен бірге атылды.

ыр


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Ақтаев С. Бұл қай Бөкейханов?: Ғабдол-Хакім Бөкейханов туралы //

Ақиқат.-2005.-№1.-56-65 б.

2.Аманжолова Ш., Әубекерова А. Елім деп қайрат жұмсаған // Егемен

Қазақстан.-1996.-27 наурыз.

3.Аманжолова Ш. Еліп деп қайрат жұмсаған // Орал өңірі.-1996.-27 сәуір.

4.Боранғалиұлы Т. Мәскеуде домбырасын күмбірлеткен // Егемен

Қазақстан.-1996.-13 сәуір.

5.Бөкейханов Ғабдол-Хакім: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-205 б.

6.Бөкейханов Ғабдол Хакім: өмірдерек // Қазақ мәдениеті:

энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы, 2005.-162 б.

7.Қойшыбайұрпағы Б.О. Ғабдұлхәкім Бөкейханов // Қазақ әдебиеті.-1994.-

22 көкек.-12 б.


23 сәуір БЯДУЛЯ ЗМИТРОК

туғанына 130 жыл (1886-1941)


Беларус әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, прозаик, талантты драматург, әдеби сыншы Змитрок Бядуля (Самуил Ефимович Плавник) 1886 жылы 23 сәуірде Виленский губерниясының Посадец елді мекенінде кедей отбасында дүниеге келген. Змитрок европалық рухани мектепте оқыған. Ол жастайынан еңбекші халықтың қиын өмірін көріп, өз еңбегімен өз күнін көруге тырысты.

Змитрок Бядуляның алғашқы шығармасы 1910 жылы «Наша нива» беларус газетінде жарияланды. 1912 жылы Змитрок Бядуля Вильноға қоныс аударып, осындағы газет редакциясында жұмыс істеді. Ол өзіне Бядуля лақап атын қойды, беларус тілінде кедей деген мағынаны білдіреді.

1913 жылы Петербургтегі беларустық баспасынан оның лирикалық әңгімелерден тұратын бірінші кітабы жарық көрді. Ол беларус ауылының өмірін, қайғылы күндерін, жоқшылықты өз шығармаларында жазды.

1915 жылы жазушы Минскте тұрды, мұнда ол босқындарға көмек комитетінде жұмыс жасады. 1917 жылы шыққан Змитрок Бядуляның шығармалары енді халықтың жоқшылығын емес, сол кездегі халықтың жарқын күндерін көрсетуге тырысты.

Жазушы 1927 жылы өзінің бірінші «Соловей» атты тарихи повесін жариялады. 1929-1932 жылдары ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы ауылдағы ұжымдастыру мен тап күресіне арналған екі томдық «Язеп Крушинский» атты романы, 1935-1939 жылдары «В дремучих лесах» және «Приблежение» атты екі автобиографиялық повесі жарыққа шықты.

Змитрок Бядуля сондай-ақ балалар жазушысы. Оның «Нупрейка», «Мальчик из-под Гродни» повесі, «Серебряная табакерка» ертегісі және басқа да классикалық шығармалары бар.

1939 жылы әдебиетке қосқан үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1941 жылы гитлерлік әскерлер Минскіге шабуыл жасады, жазушы денсаулығына байланысты бұрынғы Совет Одағының шығыс аудандарына қоныс аударады. 1941 жылдың 3 қарашасында өзі қоныс аударушылардың эшелонында Саратов-Уральск теміржол разъездінің бірінде қайтыс болған. Ол Орал қаласындағы зиратқа жерленген.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Бядуля Змитрок: өмірдерек // БҚО бойынша 2006 жылы аталып өтетін

және еске алынатын күндер тізбегі.-Орал, 2005.-45 б.

26 сәуір ТОҚАЙ ҒАБДОЛЛА

туғанына 130 жыл (1886-1913)




Татар ақыны Ғабдолла Тоқай 1886 жылы 26 сәуірде Татарстанда дүниеге келген. Татардың жаңа бағыттағы реалистік әдебиеті мен қазіргі татар әдеби тілінің негізін салушы.

1895 жылы Орал қаласына келіп, Мутыгия медресесінде оқыды. Алғашқы шығармаларын 1902 жылдан жаза бастады. «Фикер» газетінде, «Әл-ғасрул-жадид» («Жаңа ғасыр»), «Оқтар» журналдарында өлеңдері, мақалалары басылды.

Ғабдолла Тоқай азаттық жыршысы болды. 1910 жылдан демократияшыл жастардың «Әл-ислах» газетіне (1905-09) қатысты.

1908 жылы Г. Камалмен бірігіп, Қазандағы тұңғыш сатиралық «Яшен» («Жасын») журналын шығарды.

1910 жылдан «Ялт-йолт» («Жалт-жұлт») журналында қызмет етті. Оның сатирасы патша өкіметіне деген өшпенділікке толы.

Гуманист-ақын Ғабдолла Тоқай әйелдерді қорғап және оларға азаттық, теңдік тілеп, бірнеше өлең жазды. Біраз лирикалық өлеңдері ғазел түрінде жазылған. Ғабдолла Тоқай балаларға арнап өлеңдер, прозалық шығармалар да жазды.

Орал қаласындағы Ғабдолла Тоқай тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта, мұражай ашылып, мүсін орнатылған.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Ғабдолла Тоқай: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:энциклопедия.-

Алматы, 2002.-220 б.

2.Қадырғалиев Ж. Ақын рухы асқақ тұр // Жайық үні.-2005.- 6 қазан.

3.Мұратов И. Орал – Ғ. Тоқайдың екінші отаны // Жайық үні.-2008.-10

қаңтар.

4.Мұратов И. Тоқай үшін Оралдың орны бөлек // Орал өңірі.-2008.-27

мамыр.

5.Мұратов И. Тоқайдың Оралда болған күндері // Информбиржа.-2008.-31

қаңтар.-15 б.

6.Наурзин Ғ. Ғабдолла Тоқай тағылымдары // Еділ-Жайық.-2006.-5 мамыр.

5 мамыр ЖАДАНОВ СӘБИТ

туғанына 85 жыл (1931)




Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Сәбит Қайырұлы Жаданов 1931 жылы 5 мамырда Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында дүниеге келген. 1948 жылы Жалпақтал орта мектебін, 1953 жылы Мәскеу мемлекеттік экономикалық институтын тәмәмдаған, 1953-57жылдары Ресейдің Орлов облысы, Ливны қаласында «Ливгидромаш» зауытында экономист, цех бастығы, 1957-58 жылдары Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитеті электрлендіру және автоматтандыру бөлімінде аға экономист.

1958-60 жылдары Алматы қалалық комсомол комитетінің, кейін облыстық комитетітің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1960-63 жылдары Алматы «Эмальпосуда» зауытының директоры болды. 1963-68 жылдары Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитетінде халық шаруашылығын жоспарлау бөлімінде аға экономист, бөлім бастығы, кейін бөлім бастығының 1-орынбасары. 1968-80 жылдары Мәскеуде КСРО Министрлер Кеңесінде Қазақстанның тұрақты өкілінің орынбасары, ал 1980-87 жылдары тұрақты өкілі.

1987-91 жылдары КСРО мемлекеттік статистикалық комитеті іс басқару бөлімінің бастығы. 1991 жылдан зейнет демалысында. 1991-97 жылдары «Казахстан коммерция» жоғарғы экономика ассоциациясының Мәскеудегі тұрақты өкілі, 1997-2001 жылдары Мәскеу қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.

Еңбек Қызыл Ту, 2 мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған. 2001 жылы Сәбит Жадановтың «Зигзаги судьбы» атты естелік кітабы жарық көрді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Жаданов Сәбит: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-

Алматы, 2010.-255 б.

15 мамыр ЕСЕНҒҰЛОВ ҒҰМАР

туғанына 130 жыл (1886-1930)


Батыс Алаш-Орда қайраткері, қазақтың жоғары білімді алғашқы дәрігерлерінің бірі Есенғұлов Ғұмар 1886 жылы 15 мамырда Орал облысы, Темір уезінде дүниеге келген. Әкесі Қожахмет елдегі көзі ашық адамдардың бірі болған. Ғұмар Есенғұлов болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық орыс-қазақ Романов училищесін бітіргеннен кейін Орал реальдық әскер училищесін тәмамдаған.

Училищеден соң қурстастары Б. Бейсенов, Ы. Шұғыловпен бірге 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шықты. 1914-1916 жылдары Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде дәрігер-ординатор. 1916 жылы Орынбор қаласындағы Жедел жәрдем стансасында дәрігер.

1917 жылы сәуірдің ортасында Орал қаласында өткен І-Қазақ Орал облыстық сьезінде Жайық сырты облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. Сол жылғы 21-26 шілде аралығында өткен II-Жалпықазақ сьезінің қаулысымен Құрылтай жиналысы депутаттығына Орал облысынан белгіленген жеті кандидаттың бірі. Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан аталған депутаттар тізіміне де кірді. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизяновтың ұйғаруымен 1917 жылы Темір уезі бойынша Уақытша үкімет комиссары болып тағайындалды.

1919 жылы қарашада Темір кентін қызылдардың І-армиясы алғаннан кейін Кеңестер жағына 1919 жылы 20-желтоқсанға дейін шыққандардың қатарында ауылды кеңестендіру, жергілікті басқару органдарын қайта құру ісіне ат салысты. Темір кентінде эпидемиялық дәрігер болып істеді. Темір уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н. Қалменовтің ұсынуымен 1920 жылы қаңтарда сүзекке қарсы күресетін Эпидемиялық отряд меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы маусым айында РК(б)П Қазақ облыстық бюросы төралқасының шешімімен жаңадан құрылған Орынбор-Торғай губерниялық атқару комитетіне мүшелікке тағайындалды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе қаласында орталық амбулаторияда дәрігер-терапевт. 1929 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, дәрігер болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Есенғұлов Ғұмар: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2002.-249-250 б.

2. Есенғұлов Ғұмар: өмірдерек //«Алаш» қозғалысы / Құраст.: Е. Тілешов,

Д. Қамзабекұлы, И.И. Нұрахмет.-Алматы: Сардар, 2008.-79 б.

3. Есенғұлов Ғұмар: өмірдерек // М. Тәж-Мұрат. Батыс Алаш-Орда:

Библиографиялық сөздік тәжірибесі.-Ақтөбе: А-Полиграфия ЖШС,

2003.-111-115 б.

4. Есенғұлов Ғұмар: өмірдерек // Д. Сүлейменова. Алаш қозғалысы

және Жаһанша Досмұхамедов.-Орал: Ағартушы, 2010.-144-146 б.

5. Әлжанов А., Шокин Ә., Досаханов Ә. Алғашқы қазақ дәрігерлері.-

Алматы, 1984.

6. Ахмедов Ғ. Алаш Алаш болғанда.-Алматы, 1996.

25 мамыр ОРАЗАЛЫҰЛЫ СЕЙТЕК

туғанына 155 жыл (1861-1933)




Күйші-композитор, қазақтың төкпе күй әдібінің негізін салушы Сейтек Оразалыұлы 1861 жылы Бөкей орда ауданында дүниеге келген. Алғаш домбыра тартуды ағасы Шошақтан (шын аты Сұлтанғали) үйренген. Кейіннен Әлікей, Макар, Салауаткерей, Тұрып сынды өнерпаздармен кездесіп, репертуарын молайтқан. Оның «Арпалыс», «Ақ Еділ», «Бұлбұл Айша», «Орытпа», «Шарипа», «Жантаза», «Қарашаш», «Балқаймақ» т.б. күйлері бар.

Сейтек Оразалыұлы замана әділетсіздігіне қарсы шыққаны үшін қуғындалып, Орда, Иркутск, Астрахан, Бутырка (Мәскеу) түрмелеріне қамалды. 1897 жылы Сібірге жер аударылды. Осы кезеңде «Айдау», «Түңілдім», «Арман» атты күйлерін шығарды.

1905 жылы каторгадан босап, еліне оралады. Мұнда ол анасы мен баласының қайтыс болғанын естіп, өзінің қайғы-қасіретін «Жоқтау», «Ғазиз» атты күйлерінде бейнеленеді. «Жігер», «16 жыл», терең психологиялық мазмұнға құрылған «Заман-ай» күйлері Сейтек Оразалыұлы шығармаларының жан-жақты өріс алғандығын танытады. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, өнер көрсетті. Ол түрікпен күйлерінде қолданылатын негізгі бас пернені домбыраға пайдаланды.

Сейтек Оразалыұлы ән де шығарған. Оның «Сейтек әнін» А. Затаевич «1000 ән» жинағына енгізген. Оның күйлері Қазақстан композиторларының шығармаларынан кең орын алды. 1940 жылы Л. Хамиди мен С. Шабельский «Сейтек» атты бір актілі музыкалық пьеса жазды. Ғ. Жұбанова Сейтек Оразалыұлының «Заман-ай» күйін өзінің «Батырлық» атты симфониялық поэмасында пайдаланды. 1966 жылы жазушы Т. Әлімқұлов композитор туралы «Сейтек сарыны» повесін жазды. Оның көптеген күйлері халық аспаптар оркестрінің негізгі репертуарына енді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Қажымғалиев Ө. Күйші Сейтек // Ана тілі.-2013.-3-9 қазан.-9 б.

2.Қайсағалиев А. Сейтекпен кездесу // Орал өңірі.-2012.-9 ақпан.-7б.

3.Қисметова Ұ. Күйші Сейтек // Жайық үні.-2004.-29 сәуір.

4.Набиоллаұлы Н. Күй төгілген күн // Орал өңірі.-2011.-27 желтоқсан.-5 б.

5.Сейдімбек А. Сейтек // Орал өңірі.-2001.-16 қазан.

6.Сейтақов Ғ. Домбыраның бір пернесі // Орал өңірі.-1991.-17 қазан.

7.Ілиясова К. Даңқты күйші // Орал өңірі.-2001.-17 наурыз.

20 маусым СҮНДЕТОВ ЖАСҚАЙРАТ

туғанына 75 жыл (1941)


Ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Жасқайрат Сүндетов 1941 жылы 20 маусымда Жаңақала ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтын (қазіргі Қазақ агротехникалық университетін), 1969 жылы аспирантурасын бітірген.

1963-66 жылдары Казталов ауданының «Құрманғазы» кеңшарында бас агроном, бас экономист, 1969-2005 жылдары Целиноград ауыл шаруашылық институтында ассистент, доцент, деканның орынбасары, декан, профессорлық кафедра меңгерушісі, 1992-2008 жылдары Қазақ агроөнеркәсіп кешенінің экономикасы және ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының Солтүстік және Орталық облыстарды қамтитын Тың бөлімшесінің директоры, 2008 жылдан осы институттың Астанадағы бөлімшесінің меңгерушісі, 2006 жылдан Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің профессоры.

Негізгі ғылыми бағыты – ауыл шаруашылығының нарықтық қатынастар жағдайындағы экономика және ұйымдастыру механизмдерін жетілдіру жолдары. «Ауылда көпқырлы экономиканы қалыптастыру және дамытудың ұйымдастыру-экономикалық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 10 монографияның, 16 дәріс пен оқу құралдарының, 30 кітапша мен ғылыми ұсыныстардың авторы. Бірнеше медальдармен марапатталған. 2009 жылы ЖОО-ның үздік оқытушысы атанған. Жаңақала ауданының құрметті азаматы.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Жасқайрат Сүндетұлы: «Ғылыммен айналысушыларға талап күшейеді»

// Орал өңірі.-2001.-12 шілде.

2.Сүндетов Жасқайрат: өмірдерек // Қазақстан ғалымдары:

энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы, 2013.-397-398 б.

3.Сүндетов Жасқайрат: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-473 б.

15 шілде БАЛАБАСОВ КЕНЖЕҒАЛИ

туғанына 75 жыл (1941)


Әнші, айтыскер ақын Кенжеғали Балабасов 1941 жылы 15 шілдеде Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында дүниеге келген. 1956 жылы 8 жылдық мектепті, 1975 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесін бітірген. 1956-65 жылдары Бисен кеңшарында малшы, кейін Бөкей орда аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болды. Көркемөнерпаздардың облыстық, республикалық байқауларында бірнеше рет лауреат атанды.

1967 жылы Ұлы Қазан социалистік революциясының жарты ғасырлық мерекесіне арнап өткізілген облыстық ақындар айтысына қатысып, бірден «Облыс ақыны» атағына ие болды. Осы кезден бастап, аудан, облыс жұртшылығына кеңінен танымал.

1970, 1972, 1977, 1980, 1987, 1989, 1991 жылдары өткізілген аймақтық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. 1980 жылы күзде Мәскеуде өткен Қазақстан Республикасы күндеріне қатынасып, медальмен марапатталған. 1986 жылы Алматы қаласындағы «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсетті. 1990 жылы Алматы қаласында өткен жанұялық ансамбльдер байқауына қатынасып ІІ-орынды жеңіп алды.

1986 жылы өткен республикалық телевизиялық ақындар айтысында қызылордалық ақын Мұхамбетқали Тұрсыновты қайым айтысында ұтты.

1991 жылы Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойында облыстық ақындар айтысында үлкен жетістікке жетті. Сонымен қатар осы мүшәйрада түсірілген «Айнамкөз» атты көркем суретті киноға түсті.

Кенжеғали Балабасов айтыс ақыны ғана емес, ол күшті ор дауысты, кең диапазонды Ғарифолла Құрманғалиев, Мұхит Мерәліұлы стиліндегі шебер орындаушы, әнші.

Шарықтаған дауыс, таза дикция, сұңқылдай құйылған домбыра үні әркез ақын табысына септігін тигізіп келеді. Кенжеғали Балабасовтың 40-50 шақты өзінің музыкасымен шығарған әндері бар.

2002 жылы ақынның «Жүріп келем» атты жыр жинағы жарық көрді.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Балабасов Кенжеғали: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-172 б.

2.Балабасов Кенжеғали: өмірдерек // Айтыстың аясында ару Жайық:

облыстық ақындар айтысына 40 жыл.-Орал, 1998.-16-17 б.

3.Қадырова Г. «Әкемізге өкпемізді ұмыттық» // Орал өңірі.-2014.-16

қаңтар.-17 б.

3.Қадырова Г. Құрманғалиевтен бата алған // Орал өңірі.-2012.-4 тамыз.-

6б.

4.Қобланов Н. Асылдың сынығы // Жайық үні.-1995.-27 сәуір.

5.Қуанышев Е. Өнерде өрге жүзген // Орал өңірі.-2002.-5 қаңтар.

6.Хамзин А. Өрімін өнерімен өрнектеген //Орал өңірі.-2006.-23 қараша.-9б.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


База данных защищена авторским правом ©bezogr.ru 2016
обратиться к администрации

    Главная страница